"Токенделген алтын": Ұлттық банк алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті
Жарияланған күні:

Азаматтарға "токенделген алтынға" инвестиция салып, мол табыс табу ұсынылып жатыр. Ұлттық банк қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ұлттық банктің мәліметінше, әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және форумдарда теріс пиғылды адамдар инвестициялық компаниялардың атынан "токенделген алтынға", "асқан жоғары табысты жасанды интеллект әзірлемелеріне", "нейрожелі негізіндегі трейдер-роботқа" салынған қаражаттан кепілді табыс туралы хабарламалар таратуда.
"Алаяқтар өздерін қаржылық кеңесші ретінде таныстырып, "инвестициялық платформаның" немесе "криптовалюта сервисіндегі" жоғары табыстылықтың жалған статистикасын көрсетеді және брокерлік немесе криптовалюта платформасының жасанды веб-сайтына тіркелуге көмектеседі.
Мұндай сайттарда нақты инвестициялық қызметтің жалған көрінісі жасалады: графиктер, жасалған мәмілелер тарихы, жеке кабинет және қолдау чаты көрсетіледі", - деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Ұлттық банк өкілдерінің хабарлауынша, алаяқтар азаматтардың сеніміне кіру үшін бастапқыда "тапқан пайданың" азғантай сомасын шешіп алуға мүмкіндік береді.
Осыдан кейін олар "бірегей ұсыныс", "табыстылықтың өсуі" немесе "ерекше тиімді мәміле" деген сылтаумен ірі соманы салуға көндіреді. Пайдаланушының шотындағы қаражат көлемі айтарлықтай ұлғайған кезде, ақшаны шығару мүмкін болмай қалады. Осы тұста алаяқтар салықтарды, комиссияларды немесе сақтандыруды төлеуді талап етеді.
"Өз әрекеттеріне заңдылық сипат беру үшін теріс пиғылды адамдар пайдаланушыларға мөрлер, қойылған қолдар, сериялық нөмірлер және басқа да деректемелері бар жалған хаттар мен құжаттарды жіберіп отырады.
"Салықтар мен комиссиялар" түріндегі төлемдерді алғаннан кейін байланысқа шығуды тоқтатады, ал платформаға кіру рұқсаты бұғатталады", - деп түсіндірді Ұлттық банк өкілдері.
Осыған байланысты Ұлттық банк мекеме қызметкерлері азаматтарға аудио және видеоқоңырау шалмайтынын еске салады. Сонымен қатар Ұлттық банк жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді, пайлық инвестициялық қорларға және өзге де қаржылық өнімдерге ақша салуды ұсынбайды, ақшалай қаражатты сақтандырумен айналыспайды және халықпен ақшалай есеп айырысуды жүзеге асырмайды.
"Алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінуге кеңес береміз.
Кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық банктің Байланыс орталығына хабарласуға болады", - деп еске салды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2405027-tokendelgen-altyn-ulttyq-bank-alaiaqtyqtyng-zhanga-shemasy-turaly-eskertti/
