"Картада жоқ, көшенің аты, үйдің нөмірі жоқ ": Тараз іргесінде тұратын жүздеген адам жанайқайын жеткізді
Жарияланған күні:

Тараз қаласының іргесіндегі "Қызылшарық" алабының 500-ден аса тұрғыны билікке жанайқайын жеткізді. Олар тұрғылықты жерде еш жағдай жасалмағанына, тіпті көшенің аты мен үйдің нөмері де қойылмағанына наразы, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Қала құрамына кіргеніне бір жарым жылдан асса да, халық мұнда еш инфрақұрылым жоқ екенін айтады.
"Мынау көшеміздің аты да жоқ, үйіміздің нөмірі де жоқ. Ешқандай жедел жәрдем де таппайды. Екі үш күн бұрын осыдан өрт болды үй өртенді, қора өртенді. Өрт сөндірушілер бір сағат бойы айналып таппаған. Картада жоқ дейді", - дейді Қызылшарық алабының тұрғыны Айкүн Мамытова.
Бұрынғы "Жаңа Жамбыл" саяжайындағы үйлер кезінде химия өндірісінде еңбек еткен ардагерлерге берілген. Осыған дейін Жамбыл ауданына қарайтын. Енді қалаға кірдік деп қуанғанда, бір адамның бас сұқпағанына қатты қынжылады.
"Олар бізді танымайды, біз оларды танымаймыз. Сонымен мәңгүрт болып отырмыз. Мәңгүрт қылмай көзімізді ашып, бізді жарылқайтын біреу бар ма екен өзі?", - дейді Қызылшарық алабының тұрғыны Күлтай Мұсабекова.
Шаһар басшысы тұрғындардың көкейіндегі мәселені тыңдап, қарамағындағылардың жұмысын сынға алды.
"Аудан әкімдігінің жұмысының деңгейі өте төмен. Халықпен жұмыс жасамайсыздар. Свет мәселесін биыл жыл соңына дейін толық шешіп береміз. Су мәселесін 27 жылы шешеміз, жобасы дайын. Ал, жол мәселесін 28 жылға қалдырамыз апа. Сондықтан сіздерді ешкім ұмытқан жоқ", - дейді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.
Тұрғындардың арызын тыңдаған әкім, жіпке тізген мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп беремін деп уәде етті. Алдымен елді мекенді картаға енгізіп, бір апта ішінде қоқыс шығару мәселесі шешімін табады деді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2405168-kartada-zhoq-koshening-aty-uiding-nomiri-zhoq-taraz-irgesinde-turatyn-zhuzdegen-adam-zhanaiqaiyn-zhetkizdi/
