"Тек шетел азаматтарына арналады": Алматы маңында тағы бір ойын аймағы ашылмақ
Жарияланған күні:

Алматы облысындағы заңды ойын бизнесі субъектілерінен алты ай ішінде мемлекеттік бюджетке 25 млрд теңге салық түскен. Өңірде тағы бір ойын аймағын ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды облыс әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның ресми сайтында хабарланғандай, мемлекеттік бюджетке түскен 25 млрд теңгенің 10,6 млрд теңгесі өңірлік бюджетке аударылған.
Кейінгі екі жарым жылда саладан мемлекеттік бюджетке жалпы 184,7 млрд теңге салық түскен. Оның 53,8 млрд теңгесі өңірлік бюджет кірісіне бағытталған.
Қазіргі уақытта Қонаев қаласында ойын бизнесі саласында 21 нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 5 казино, 13 букмекерлік кеңсе және 3 ойын автоматтары залы бар. Салада шамамен 2,5 мың адам еңбек етеді.
Ойын бизнесі аймақтың туризміне де оң әсер етіп отыр. Алматы облысы Туризм басқармасының мәліметінше, өңірдегі казиноларға келушілердің шамамен 20 пайызы – шетел азаматтары.
"Қонаев қаласына келген әрбір турист қонақүйлерде орналасып, қоғамдық тамақтану орындарына барады, көлік, сауда және басқа да қызмет түрлерін пайдаланады. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті экономиканың жандануына да ықпал етеді. Сондықтан туристік ағынның артуы өңірдің қызмет көрсету саласының дамуына оң әсер етіп жатыр", - деді Алматы облысы Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.
Қолданыстағы "Ойын бизнесі туралы" заң аясында Талғар ауданында тек шетел азаматтарына арналған жаңа ойын аймағын құру жоспарланып отыр. Бұл бастама қоғамдық кеңесте қаралып, оң қорытынды алған.
Жобаны Талғар ауданында орналастыру ұсынысы өңірдің туристік әлеуетімен байланысты. Аудан Алматы қаласы мен халықаралық әуежайға жақын орналасқан. Сонымен қатар мұнда тау туризмі, сауықтыру және демалыс бағытындағы ірі нысандар шоғырланған.
"Талғар ауданы туристік инфрақұрылымы қалыптасқан аймақтардың бірі. Мұнда "Ақбұлақ" спорттық-сауықтыру кешені, "Oi-Qaragai" тау-шаңғы курорты, Aquaasia Resort және Tal Resort демалыс кешені сияқты танымал туристік нысандар бар. Сондықтан жаңа аймақты өңірдің туристік экожүйесінің бір бөлігі ретінде дамыту көзделіп отыр. Бұл туристерге ұсынылатын қызмет түрлерін әртараптандырып, сервистік инфрақұрылымның дамуына қосымша мүмкіндік береді", - деді Алматы облысы Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.
Жобаны іске асыру қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік, сауда және басқа да қызмет көрсету салаларының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және бюджет кірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді, деп қосты әкімдіктегілер.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2405438-tek-shetel-azamattaryna-arnalady-almaty-mangynda-tagy-bir-oiyn-aimagy-ashylmaq/
