Қазақстанда амур жолбарыстары табиғатқа жіберіледі: адамдар қауіпсіздігі үшін қандай шара қабылданады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Экология министрлігі амур жолбарыстары жіберілетін Іле-Балқаш резерватының маңында тұратын адамдардың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ететінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
NUR.KZ тілшісіне Экология министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгінде Ресейден әкелінген төрт ересек Амур жолбарысын табиғатқа жіберу мәселесі соңғы сатыға жетті.
"Бұл процесс барынша мұқият қарастыруды талап етеді, өйткені табиғатқа жіберуге тек жолбарыстардың өздері ғана емес, мамандар да толық дайын болуы керек.
Қазіргі уақытта ересек жолбарыстардың аңшылық дағдылары мен мінез-құлық ерекшеліктерін бағалау процесін аяқтау үшін қосымша тестілер өткізу көзделген.
Олардың қорытындысы бойынша сарапшылар тобы жануарлардың жабайы табиғатта өз бетінше өмір сүруге дайындығы туралы түпкілікті қорытынды береді немесе қажет болған жағдайда оларды бейімдеу вольерінде ұстауды жалғастыруды ұсынады", - деп хабарлады ведомство.
Қазіргі оң нәтижелер сақталып, бағалаудың соңғы кезеңдері сәтті өтсе, жолбарыстарды табиғатқа жіберу алдағы бір ай ішінде жүзеге асуы мүмкін екені атап өтілді. Алайда нақты күн барлық рәсім аяқталып, мамандардың тиісті қорытындылары жасалғаннан кейін ғана белгіленеді.
Оң шешім қабылданған жағдайда жолбарыстар Алматы облысындағы Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватының аумағына жіберіледі.
Ведомство жануарларды жіберу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын және тұрақты ғылыми мониторингпен сүйемелденетінін атап өтті. Жолбарыстар спутниктік GPS-қарғыбаулармен жабдықталады, бұл мамандарға олардың қозғалысын іс жүзінде нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
"Мониторинг жүйесі жануарлардың буферлік аймақтарға немесе елді мекендерге жақындағанын автоматты түрде тіркейді, содан кейін ақпарат қажетті шараларды қабылдау үшін жауапты мамандарға дереу түседі.
Резерваттың мониторинг орталығы арқылы тәулік бойы бақылау жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда қақтығыстардың алдын алу топтары жұмылдырылып, аумақты патрульдеу күшейтіледі", - деп нақтылады экология министрлігі.
Сондай-ақ Іле-Балқаш резерватында жолбарыстарды адамдар тұратын жерлерден үркіту міндеті жүктелген қақтығыстардың алдын алу тобы құрылғаны хабарланды.
"Жолбарыс – ірі аумақтық жыртқыш, ол өз табиғи ареалы шегінде едәуір қашықтықты жүріп өте алады. Алайда дәл осындай қозғалыстарды бақылау және жануарлар мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заманауи спутниктік мониторинг жүйесі қарастырылған.
Қазіргі уақытта мамандар жолбарыстар резерват аумағын және олар үшін өз бетінше өмір сүруге қажетті жағдайлар жасалған іргелес табиғи мекендеу орындарын игереді деп күтуде", - деп хабарлады экология министрлігінің баспасөз қызметі.
2025 жылдың мамыр айында жергілікті тұрғындар үшін жолбарысқа қатысты кез келген сұрақты қоюға болатын сенім телефоны ашылған.
"Жергілікті тұрғындарды жолбарыстың олардың үйіне немесе ауылына 5 км қашықтыққа жақындағаны туралы жеке хабардар ететін арнайы бағдарлама әзірленді.
Сондай-ақ барлық қауіпсіздік шарасын Іле-Балқаш резерватының басшылығы кездесулерде жергілікті тұрғындармен талқылап, бірлескен шешімдер қабылданып жатыр», - деп нақтылады экология министрлігіндегілер.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2405585-qazaqstanda-amur-zholbarystary-tabigatqa-zhiberiledi-adamdar-qauipsizdigi-ushin-qandai-shara-qabyldanady/
