Оқуда да, әскерде де бірге: Қазақстанда 10 дос бір бөлімде қызмет етіп жүр (видео)
Жарияланған күні:

Қазақстанда колледжде бірге оқыған 10 бозбала әскерге де қатар аттанып, Ұлттық ұлан сапында қызмет етіп жүр. Олар Тараздағы 55/13 әскери бөліміне шақыртылған. Ең қызығы барлығы бір батальон мен бір ротада азаматтық борышын өтеуде, деп хабарлайды "Хабар" арнасы.
Бұл жігіттер колледж қабырғасында табысты. Шымкенттегі "Дене шынықтыру және спорт" мамандығында білім алып, студенттік жылдары достық қарым-қатынас орнатқан. Биыл сол достық әскерде жалғасын тапты. Олар әскерге бірге бару туралы шешімді алдын ала қабылдаған. Көктемгі шақырылымға үлгеру үшін мемлекеттік емтиханды да мерзімінен бұрын тапсырған.
"Колледж директорына өтініш хат жаздық. Яғни бізде емтихан болды. Мемлекеттік емтиханды уақытынан бұрын тапсырып 11 маусымда Шымкент қаласындағы военкоматқа барып сол жерден, 13 маусым күні Тараз қаласына 5513 әскери бөліміне келдік. Әке-шешеміздің барлығы риза", - дейді қатардағы жауынгер Санжар Амантай.
Сарбаздар жауынгерлік сабақ пен әскери жаттығуда бір-біріне жәрдемдеседі. Достардың әскерге қатар келуі ата-аналарын да қуантқан. Олар бұл істері қатарластарына үлгі болады деген сенімде.
"Қоғам арасында достықтың әрқашан болатынын, әрқашан биік тұратынын көрсеткіміз келді. Отан алдындағы борышын өтеу — әрбір Қазақстан азаматының борышы. Өйткені менің ата-анам үйде, менің қарындастарым үйде жатыр. Біз олардың тыныш ұйықтауын, олардың тыныш жүруін, емін еркін қыдыруын өзіміз күзетеміз. Тым болмаса Отан алдындағы борышын өтеуге деген бір ниеттерін ашуға түрткі болатынымызға сенеміз", - дейді қатардағы жауынгер Ділдәбек Үсенов.
10 сарбаз әскери міндетін абыроймен атқарып жүр. Алдағы уақытта олардың жоғары білім алуға да мүмкіндігі бар. Себебі әскери қызметте болғандарға елдегі 70-тен астам жоғары оқу орнының гранты ұсынылады.
"Өткен жылда ротамнан 7 әскери қызметші гранттарға түсті. Оның 3-і әуе қорғаныс күштеріне. Екеуі ұлттық ұлан басқолбасшылығына, сонымен қатар Шымкент қаласындағы гуманитарлық университеттерге түсті. Қазіргі уақытта әскерлерге көптеген жағдай жасалуда. Соның бірі – Сарбар программасы арқылы білімге деген құлшынысын арттыру. Оқуға ҰБТ тапсырмай-ақ түсуде", - дейді 5513 әскери бөлімінің рота командирі Ерболат Керімбеков.
Сондай-ақ сарбаздар алты айдан кейін, келісімшарт негізінде жұмысқа орналаса алады. Жыл басынан бері 30-дан астам сарбаз әскери қызметші атанған.
Авторлар: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2405768-oquda-da-askerde-de-birge-qazaqstanda-10-dos-bir-bolimde-qyzmet-etip-zhur-video/
