Баға төмендеді ме: Қазақстанда қандай азық-түлік арзандады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Бір апта ішінде Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арзандады. Картоп, қызанақ және алма бағасы төмендеген, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
2026 жылғы 29 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда есепті апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді.
Апта ішінде картоптың бағасы - 2,8%, қызанақ - 2,4%, алма - 1,9%, қияр - 1,2%, сәбіз, қаймақ және қара шай – 0,2%, сондай-ақ тауық еті, қатты және жартылай қатты ірімшік, майлылығы 2-3% айран - 0,1% арзандады.
Есепті аптада ұн, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны, жылқы еті, сүйекті сиыр еті, сондай-ақ майлылығы 2,2%-дан 6%-ға дейінгі пастерленген, ультрапастерленген және стерильденген сүт бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлік бөліністе еліміздің бірқатар қаласында дефляциялық үрдіс байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы Павлодарда – 0,4%, Алматы, Шымкент және Ақтауда – 0,2%, Қонаев пен Қостанайда – 0,1%-ға төмендеді. Астана, Ақтөбе, Жезқазған, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында бағалар өткен аптаның деңгейінде сақталды.
Республика бойынша қиярдың орташа бағасы бір килограмына 495 теңгені құрады. Ең төмен баға Тараз қаласында тіркелді - бір килограмы 339 теңге.
Ел бойынша картоптың орташа бағасы бір килограмына 275 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістанда тіркелді – бір килограмы 219 теңге.
Республика бойынша І санаттағы жұмыртқаның орташа бағасы (10 дана) 567 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Оралда (475 теңге) және Қызылордада (477 теңге) тіркелді.
Айта кету керек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2406727-baga-tomendedi-me-qazaqstanda-qandai-azyq-tulik-arzandady/
