Тойда тілек айтуға шыққан ер адамның сөзі желіде резонанс тудырды
Жарияланған күні:

Түркістан облысында болған тойлардың бірінде түсірілген видео халық арасында қызу талқыланды. Бұл жағдайға Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин мен ҚМДБ өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл видеоны әнші Роза Әлқожа Instagram-дағы парақшасында жариялады. Оның айтуынша, той Жетісайда өткен, желіде дау тудырған сөздерді қалыңдықтың туысы айтқан.
"Аллаға шүкір, тойларда арақ деген бәледен құтылдық. Енді екі нәрсе қалды. Біріншіден, музыкадан құтылу керек. Екіншіден, еркектер мен әйелдер бөлек отыруға тиіс. Әншілер маған ренжімесін. Егер тойларды әртіссіз өткізсек, олар жұлдыз болуды қойып, танымалдығынан айырылады. Шариғатта оларды "шайтанның азаншысы" деп атайды", - деді қонақ.
Әншінің пікірінше, мұндай сөздер әлгі ер адамның деструктивті діни ағымдардың бірін ұстанатынын білдіруі мүмкін. Видеоға қатысты Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин де Instagram желісіндегі парақшасында пікір білдірді.
"Шын мәнінде, оның әйелдерді кемсітуі, әншілерге, музыка өнеріне қатысты теріс пікір білдіруі болмысымызға мүлдем жат. Ұлттық таным-түсінікке сәйкес келмейді. Өйткені, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады.
Сол секілді, өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою да – асыра сілтеушілік. Мемлекетіміз таңдаған жол бұл емес. Керісінше, еліміз білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке басымдық беріп келеді.
Көпшілік алдында адамдарды бұлайша алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды. Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан.
Сол себепті ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қоюымыз қажет", - деп жазды Ерлан Қарин.
Бұған қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да ұстанымын білдірді. Онда әлеуметтік желіде тойдағы ер адамның "музыка — харам, ал әншілер — шайтанның азаншысы" деген мәлімдемесіне қатысты қызу дау-дамай туындағаны атап өтілген.
ҚМДБ өкілдері діни мәселелер бойынша пікір білдіру үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті.
"Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттамалар беру дұрыс емес.
Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз", - дейді ҚМДБ өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2408282-toida-tilek-aituga-shyqqan-er-adamnyng-sozi-zhelide-rezonans-tudyrdy/
