Соғыс ардагері Иван Гапич өмірден озды: Тоқаев марқұмның отбасына көңіл айтты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 103 жасында дүниеден өткен Иван Степанович Гапичтің отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Ақорда мәліметінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаев соғыс және еңбек ардагері, Халық қаһарманы Иван Гапичтің дүниеден озуына байланысты марқұмның отбасына көңіл айтты.
"Иван Степанович майданға өз еркімен аттанып, байланысшы ретінде соғыстың соңына дейін қатысты. Елге оралған соң ұзақ жылдар бойы прокуратура органдарында мінсіз қызмет атқарды. Адамгершілік қағидаттарынан айнымайтын әрі өз ісінің нағыз маманы ретінде ол әріптестері мен көпшілік арасында зор абыройға ие болып, құрметке бөленді. Иван Степанович ғұмыр жолында жасампаз патриотизмнің, антқа адалдықтың және әділдік құндылықтарын берік ұстанудың жоғары үлгісін көрсетті. Оның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады", – деп жазылған жеделхатта.
Бұған дейін БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі соғыс және еңбек ардагері, Халық Қаһарманы Иван Гапич 104 жасқа қараған шағында өмірден озғанын хабарлаған еді. Осыған орай облыс әкімі Нариман Төреғалиев Гапичтер әулетіне, жалпы өңір тұрғындарына қайғыға ортақтасып, көңіл айтты.
"Иван Степанович 1923 жылы Ақмола облысында дүниеге келіп, Алматыда білім алды. Майдан даласында Польшаны, Чехословакияны, Украинаны азат етуге ат салысты. Мәскеуде өткен әйгілі Жеңіс шеруіне қатысты. Соғыстан кейінгі жылдары прокуратура органдарында еселі еңбек етті. Оның ерлікпен, еңбекпен өрілген өмір жолы – қайсар рух пен отансүйгіштіктің озық үлгісі. Марқұмның ерлігі мен жарқын бейнесі ел жадында сақталады", - делінген қазанамада.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2408353-sogys-ardageri-ivan-gapich-omirden-ozdy-toqaev-marqumnyng-otbasyna-kongil-aitty/
