СҚО-да қайтарылған активтерден бөлінген 2,7 млрд теңге қайда жұмсалды: үкімет мәлімет берді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Үкімет СҚО ауылдарын сумен қамтуға қайтарылған активтер есебінен 2,7 млрд теңге бөлген, деп хабарлайды министрлер кабинетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Арнаулы мемлекеттік қордан Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов және Соколов топтық су құбырларын реконструкциялауды аяқтауға 2,7 млрд теңге бөлінген.
"Преснов топтық су құбырын реконструкциялау жалпы саны 34,5 мың адам тұратын Есіл, Мамлют және Жамбыл аудандарындағы 43 елді мекенді сумен жабдықтауды жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінде 171 шақырым магистральдық су құбыры мен тарату желілері, сондай-ақ 46 шақырым ауылішілік су желілері тартылды", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта суды жинақтауға, таратуға және қажетті су қысымын қамтамасыз етуге арналған қысым реттегіш құрылыстарын салу және жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр.
"Соколов топтық су құбырын реконструкциялау жұмыстары Қызылжар ауданындағы жалпы саны 4 мыңнан астам адам тұратын 10 ауылды қамтиды. Жоба аясында 59 шақырым тарату желісі мен 77 шақырым ауылішілік су желісі салынады", - делінген хабарламада.
Преснов және Соколов су құбырларын пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған.
Үкіметтің баспасөз қызметі келтірген деректерге сүйенсек, 2024 жылдан 2026 жылға дейінгі аралықта Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен үкімет жалпы сомасы 610 млрд теңге болатын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдаған, олардың басым бөлігі пайдалануға берілген. Оның ішінде жалпы сомасы 226,5 млрд теңге болатын 267 жоба су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2409041-sqo-da-qaitarylgan-aktivterden-bolingen-2-7-mlrd-tengge-qaida-zhumsaldy-ukimet-malimet-berdi/
