Саин көшесінде неге жылдамдық төмендетілді және жүргізушілер нені білуі керек: Алматы әкімдігі түсіндірді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы Саин көшесіндегі жылдамдық режимін төмендету туралы шешімнің себебін түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Басқарманың мәліметінше, Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Төле би көшесіне дейінгі учаскесінде көлік қозғалысының ең жоғары жылдамдығы сағатына 60 км болып белгіленген.
Сондай-ақ бұл учаскеде жол қозғалысын ұйымдастыру сызбасы жаңартылған: қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақты қоса алғанда, төрт қозғалыс жолағы ұйымдастырылған.
"Енгізілген өзгерістер жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, көлік ағынын біркелкі бөлуге және кептелістерді азайтуға бағытталған. Жүргізушілерден жылдамдық режимін сақтауды, жаңа жол таңбаларына назар аударуды және жаңартылған қозғалыс сызбасын ескеруді сұраймыз", - делінген хабарламада.
Саин көшесінің қалған бөліктерінде жылдамдық режимі өзгеріссіз, яғни 80 км/сағ болып қалған.
Сонымен қатар ведомство Саин көшесінің Мөңке би көшесіне дейін ұзартылғанын, сол себепті Боралдай жақтан келетін көлік ағыны күрт артқанын еске салды.
"Осының салдарынан эстакададан түсетін және тоннельден шығатын жолдар қиылысатын Domillion сауда үйінің маңында жүргізушілер бір-бірінің жолын кесіп, шұғыл тоқтауға мәжбүр болатын. Бұл мәселені шешу үшін жолақтар сәл тарылып, төртінші қосымша жолақ ашылды.
Енді көлік ағындары бір-біріне кедергісіз қосылады, ал 60 км/сағ жылдамдық шектеуі қозғалыстың бірқалыпты әрі қауіпсіз болуы үшін қажет. Өйткені ары қарай Райымбек пен Төле би жолайрықтарында көлік кіріп-шығатын тұстар өте көп", - деп толықтырды басқармадағылар.
Еске сала кетейік, Саин көшесіндегі жылдамдық режимі 3 тамызда өзгертілген болатын.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2409260-sain-koshesinde-nege-zhyldamdyq-tomendetildi-zhane-zhurgizushiler-neni-bilui-kerek-almaty-akimdigi-tusindirdi/
