Цифрлық даму министрлігі 15 млн қазақстандықтың жеке деректері тарап кетті деген ақпаратты тексеріп жатыр
Жарияланған күні:
Читать на русском
Mash желілік басылымы 15 млн қазақстандықтың жеке деректері желіде тарап кеткенін мәлімдеді. Бұл жағдайға қатысты ЖИ және цифрлық даму министрлігі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Mash дерегінше, аты-жөні белгісіз хакер даркнетте Қазақстанның 15 млн азаматының мәліметін сатылымға шығарған. Жазбада бұл "ел халқының төрттен үш бөлігі" екені айтылған.
"Сатушы деректер базасын eGov мемлекеттік сервисін бұзу арқылы алғанын мәлімдеді. shymzz13 лақап аты бар қолданушы файлды 0,5 биткоинге, яғни шамамен 32 мың долларға бағалаған. 2,7 гигабайттық файлда паспорттық деректер, телефон нөмірлері, электронды пошта, жұмыс орны, құжаттардың сканерленген көшірмелері мен құпия сөздер жазылған 47 млн жол бар.
Киберқауіпсіздік мамандары бұл базаны украиналық колл-орталықтар сатып алуы мүмкін деп қауіптенеді. Бұған дейін алаяқтар Қазақстанды Ресеймен шатастырып, Павлодардағы зейнеткерлерді банкте жарылыс жасауға итермелеген болатын", - делінген жазбада.
NUR.KZ тілшісі Цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне осыған байланысты сауал жолдады. Министрлік Қазақстан азаматтарының жеке деректері тарап кетті және даркнетке жарияланды деген ақпараттан хабардар екенін жеткізді.
Қазіргі уақытта тиісті қызметтермен бірлесіп, жарияланған ақпаратқа техникалық тексеру жүргізілуде. Оның ішінде ұсынылған деректер үлгілеріне талдау жасалып, олардың қайдан шыққаны анықталып жатыр.
Әзірге электронды үкіметтің ақпараттық жүйелері бұзылғаны және аталған базаның тікелей eGov-тан алынғаны туралы расталған дерек жоқ.
Сонымен қатар жазбада айтылған ақпараттың бір бөлігі электронды үкімет деректерінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтінін ескертеміз. Атап айтқанда, eGov-те паспорттардың сканерленген көшірмелері көрсетілген түрде сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы мүлдем басқа. Даркнет қолданушысының базаны қалай алғаны туралы мәлімдемесі eGov бұзылды деген фактіні растай алмайды.
Техникалық тексеру жүріп жатыр. Оның нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі.
Министрлік азаматтарға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі шараларын сақтауға кеңес береді. SMS-кодтарды, құпия сөздер мен ЭЦҚ деректерін үшінші тұлғаларға бермеңіз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және әртүрлі сервис үшін әртүрлі құпия сөздерді қолданыңыз.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2411747-15-mln-qazaqstandyqtyng-derekteri-tarap-ketti-degen-aqparat-tekserilip-zhatyr/
