Оралда полицей 5-қабатта ашық терезе маңында тұрған баланы құтқарды (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русском
Оралда 5-қабаттағы пәтердің ашық терезесіне жақындап кеткен 3-4 жасар бала құтқарылды. Балақайды үй тұрғындары дер кезінде байқаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"ҚР ІІМ жаңалықтары" Telegram-арнасының мәліметінше, Оралда полиция қызметкері бесінші қабаттағы ашық тұрған терезе алдында отырған кішкентай баланы дер кезінде байқап, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Оқиға Жәңгір хан көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған. Үй тұрғындары учаскелік полиция инспекторына хабарласып, бесінші қабаттағы пәтердің ашық тұрған терезесінің алдында шамамен 3–4 жастағы баланың отырғанын айтқан.
Осы хабарлама бойынша оқиға орнына Шаған полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Убиш Гайсин жедел жетті. Полицей ашық тұрған терезе алдында отырған баланы көріп, дереу жоғарғы қабатқа көтеріліп, баланы қауіпсіз жерге алып шықты.
Тексеру барысында баланың анасының шаруаларымен үйден шығып кеткені, ал кішкентай баланың 14 жастағы ағасымен бірге қалғаны анықталды. Ағасы ұйықтап жатқан кезде інісі ашық тұрған терезенің алдына мініп, сыртқа қарап отырған.
Полиция қызметкері жедел әрі кәсіби әрекет етіп, баланың өміріне төнген қауіптің алдын алды.
Оқиғадан кейін оның ата-анасымен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, балаларды қараусыз қалдырмау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Осы ретте полиция ата-аналарға кішкентай балаларды үйде қараусыз қалдырмауды, сондай-ақ көпқабатты үйлерде терезелердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды ескертті.
Ашық терезе — бала үшін аса қауіпті. Балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, олардың өміріне қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу – ата-аналардың басты міндеттерінің бірі.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2412506-oralda-politsei-5-qabatta-ashyq-tereze-mangynda-turgan-balany-qutqardy-video/
