jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Эльмира Асқарқызы
Эльмира Асқарқызы
Аға журналист

Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда ресми жұмыс істей алатын болды: келісімнің мән-жайы айтылды

Оңтүстік Корея
Оңтүстік Корея. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстан азаматтары 2028 жылдан бастап ресми түрде Оңтүстік Кореяда жұмыс істей алады. Еліміз шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат беру (Employment Permit System) жүйесіне қатысушы елдердің қатарына енгізілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Еңбек министрлігіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында және Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізді халықаралық еңбек тетіктеріне интеграциялау бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде Қазақстан ресми түрде Оңтүстік Кореяның Employment Permit System (EPS) – шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат беру жүйесіне қатысушы елдердің қатарына енгізілді.

Корея билігінің шешіміне сәйкес, Қазақстан Е-9 жүйесіне қатысушы 18-мемлекет болды. Бүгінде бағдарламаға Қазақстаннан бөлек Филиппин, Моңғолия, Шри-Ланка, Вьетнам, Таиланд, Индонезия, Пәкістан, Камбоджа, Қытай, Бангладеш, Шығыс Тимор, Непал, Мьянма және Лаос қатысады. Орталық Азиядан Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан да осы жүйеге мүше.

"Қазақстан азаматтарын Корея Республикасына жұмысқа тарту 2028 жылдан басталады деп жоспарланып отыр. Оған дейін үкіметаралық өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою, сондай-ақ Қазақстанда корей тілінен тестілеу өткізетін EPS-TOPIK орталығын ашу сияқты бірқатар ұйымдастыру шараларын аяқтау қажет", - делінген хабарламада.

Қазақстанды EPS жүйесіне қосу жөніндегі жұмысты министрлік 2023 жылдан бері жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде азаматтарды іріктеу мен даярлауға мүмкіндік беретін барлық қажетті рәсімдер кезең-кезеңімен орындалды.

2026 жылдың қаңтарында Қазақстанға келген кореялық сарапшылар делегациясы жүйені іске қосуға дайындық деңгейін бағалаған. Сарапшылар EPS орталығын құру, корей тілі бойынша тестілеуді ұйымдастыру, кәсіби дағдыларды бағалау, медициналық тексеруден өткізу және азаматтарды Оңтүстік Корея заңнамасының талаптары жөнінде ақпараттандыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша корей билігі Қазақстанның жүйеге қатысуға толық дайын екенін растады.

Атап айтқанда, қызметкерлерді әділ әрі ашық іріктеуді қамтамасыз ете алатын мемлекеттік және қоғамдық институттардың, сондай-ақ тілдік даярлықты ұйымдастыруға, EPS орталығының жұмысына және медициналық тексерулер өткізуге қажетті инфрақұрылымның бар екені атап өтілді. Сонымен қатар Қазақстан азаматтарының аталған елде заңсыз болуына жол бермеу бағытындағы ынтымақтастыққа толық дайын екені расталды.

EPS жүйесіне қатысу Қазақстан азаматтарына мемлекеттер белгілеген рәсімдер шеңберінде Оңтүстік Кореяда ресми түрде жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

Жаңа тетіктің басты ерекшелігі – жұмысшыларды іріктеу делдалдар арқылы емес, тек ресми жүйе арқылы жүзеге асырылады.

Үміткерлер жүйеде көзделген барлық кезеңнен, оның ішінде корей тілі бойынша тестілеуден, кәсіби дағдыларын бағалаудан және медициналық тексеруден өтеді.

Еңбек министрлігі азаматтарға аталған рәсім ресми түрде іске қосылғанға дейін "Кореяға жұмысқа орналастыруды" немесе іріктеуден жедел өткізуді ұсынатын делдалдарға ақша бермеу қажет екендігін ескертеді.

Тіркелу мерзімдері, үміткерлерге қойылатын талаптар, тестілеуден өту тәртібі және өзге де кезеңдер туралы барлық ақпарат министрліктің ресми ақпараттық ресурстары арқылы жарияланады.

Айта кетейік, Employment Permit System (EPS) – Корея Республикасының шетелдік жұмыс күшін реттелген тәртіппен тартуға арналған мемлекеттік жүйесі. Осы жүйе аясында шетел азаматтары Корея Республикасының заңнамасында және мемлекетаралық рәсімдерде белгіленген талаптарға сәйкес жұмысқа орналаса алады.

Қазақстанды Е-9 жүйесіне қатысушы елдердің тізіміне енгізу туралы шешімді Корея Республикасының Үкіметі 2026 жылғы 14 тамызда Шетелдік жұмыс күші саясаты жөніндегі комитеттің 49-отырысында қабылдады.

Қазақстан азаматтарын алғаш рет жұмысқа тарту барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін 2028 жылдан басталады деп күтілуде.

Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда ресми жұмыс істей алатын болды: келісімнің мән-жайы айтылды

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.