jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Жұлдыз Кенжегалиева
Жұлдыз Кенжегалиева
Қазақ редакциясының басшысы

Қазақстанда қашықтан жұмыс істейтіндердің үлесі қанша

Қашықтан жұмыс істеу
Қашықтан жұмыс істеу. Нейрожелі арқылы жасалған көрнекі сурет: NUR.KZ / Жұлдыз Кенжеғалиева

Қазақстан халқының 99 пайызы интернетпен қамтылған. Еліміз жасанды интеллект енгізуге дайындық индексі бойынша 195 елдің ішінде 60-орында. Цифрлық әлеуетіміз артып келеді. Алайда онлайн форматта жұмыс істейтін еңбеккерлердің үлесі 1 пайызға жетпейді. Кеңсеге бармай-ақ өнімді жұмыс істеуге не кедергі? "Астана" арнасының Айсәуле Съезбек зерттеп көрді.

Әлемдік еңбек нарығында қашықтан жұмыс істеу ұғымы пандемия кезеңінде мықтап қалыптасты. Амалсыздан онлайнға ауысқандар жағдай тұрақталғанда бұл үрдістің ұтымдылығын түсінді. Яғни кеңсеге барып-келуге уақыт пен энергия құртпай, ас-суды үйде ішіп отырып жұмыс істеу көпшілікке ұнады. Жаһандық деңгейде жұмыс күшінің қазір 28 пайызы онлайн еңбекке төселген, дейді Gullap халықаралық зерттеу ұйымдары. Ал Қазақстанда былтыр 44 мың 209 адам қашықтан отырып нанын тапқан. Бұл еңбекке жарамды халықтың 1 пайызына да жетпейді.

"2026 жылғы 2 тоқсанда халықты жұмыспен қамту іріктемелі зерттеу қорытындысы бойынша қашықтықтан жұмыспен қамтылған халықтың үлесі 0,3 пайызды құрады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда қашықтықтан жұмыспен қамтылғандар 6,5 пайызға өсті. Қашықтықтан жұмыспен қамтылғандардың көп бөлігі Маңғыстау және Түркістан облыстарында, Алматы қаласында шоғырланған", - дейді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы департаментінің бас сарапшысы Айнұр Әлімбетова.

Қашықтан жұмыс істеуге жақсы бейімделген – білім экономикасы. Одан кейін IT, маркетинг, кеңес беру, қаржы секілді зияткерлік кәсіптер гибридті формаға көшіп үлгерді. Коронавирус кезінде онлайн оқытудың қыр-сырын терең меңгерген мұғалім Оразбек Әбсаттар қазір жеке компанияның басшысына айналған. 12 жыл тек мектепте сабақ берген ұстаз интернет арқылы бүгінде елдің түкпір-түкпіріндегі оқушыларды тарихтан ҰБТ-ға дайындайды. Қол астындағы 100-ге жуық қызметкердің 70 пайызы онлайн жұмыс істейді.

"Алғашқы кезде бүкіл қызметкер онлайн форматта істеген. Қазіргі таңда бізде компания үлкейген соң, әрбір бөлімнің басшылары ғана офлайн жұмыс жасайды. Әрбір оқушыға көңіл бөлетін кураторлар онлайн форматта жұмыс жасайды. Мен кәсіпкер ретінде плюстарын көп байқаймын. Офлайн формат болса, 100-ге жуық кадрды офиске отырғызу – аренданың шығыны, интернеттің шығыны, тағы да басқа шығындар бар. Қазіргі жастар арасында онлайн жұмыс трендке айналып келе жатыр", - дейді тарих пәнінің мұғалімі Оразбек Әбсаттар.

Елімізде үйден қызмет ету Еңбек кодексінде бекітілген. Мұндай ұсыныстың еңбек нарығында аздығына заң да, интернет те себеп емес, дейді сарапшылар. Басты кедергі – компаниялардың ішкі ұйымдастыру тәртібі мен қадағалауға арналған технологияларының жеткіліксіздігі. Олар бұл бағытта қайта құрылуға шығындалғысы келмейтін көрінеді.

Қазақстанда қашықтан жұмыс істейтіндердің үлесі қанша

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.