Алматы тұрғындарына үй маңынан тегін тұрақ беріледі: жаңа ережелер күшіне енді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматыда автокөлік тұрақтарына қатысты жаңа ережелер қолданысқа енді. Тұрғындар үйінен 500 метр радиуста көлігіне тегін орын ала алады. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Алматыда 16 тамыздан бастап автокөліктерді тұраққа қоюға қатысты жаңартылған ережелер күшіне енді.
Төлем минут бойынша есептеледі
Алматы мәслихатының шешіміне сәйкес, енді коммуналдық ақылы тұрақтар үшін төлем белгіленген уақыт бойынша емес, көлік тұрған әрбір минут үшін алынады.
Бұл ретте тротуар типті коммуналдық тұрақтарда алғашқы бес минут тегін болады. Бұл уақыт жолаушыларды отырғызу немесе түсіру, сондай-ақ көлікке жүк тиеу және түсіру үшін беріледі. Егер көлік одан ұзақ тұрса, төлем жеңілдік кезеңі аяқталған сәттен бастап, алғашқы бес минутты ескере отырып есептеледі.
Тұрғындарға арналған тегін тұрақтар
Сондай-ақ жергілікті тұрғындарда өз көлігін тегін қою мүмкіндігі бар.
Ережеге сәйкес, көппәтерлі үйлерде тұратын пәтер иелері мен жалға алушылар өз пәтерінен 500 метр радиустан өзі таңдаған бір коммуналдық тұрақты тегін пайдалана алады.
"Тегін пайдалану құқығы басқарушы ұйымның интернет-ресурсы немесе азаматтардың барлық өтінішін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы берілген өтініш негізінде жүзеге асырылады", - делінген құжатта.
Маңызды: тегін тұрақ бір пәтерге бір автокөлік үшін беріледі. Алайда бұл жеңілдік жерасты паркингтеріне, көп деңгейлі және механикаландырылған тұрақтарға қатысты емес.
Сонымен қатар тұрақтарда нөмірін анықтау мүмкін емес немесе оны жасыруға немесе өзгертуге болатындай етіп орнатқан көліктерді қалдыруға тыйым салынады.
Айта кетейік, мегаполис тұрғындары тұраққа көлігін қойғаны үшін төлемді кейін жасай алады. Тұрақ ақысын көлік тұраққа қойылған күні сағат 23:59-дан кешіктірмей төлеу қажет. Тротуар типті коммуналдық тұрақтар енді сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2413561-almaty-turgyndaryna-ui-mangynan-tegin-turaq-beriledi-zhanga-erezheler-kushine-endi/
