Белгілі балетмейстер Эдуард Мәлбеков дүниеден озды
Жарияланған күні:

Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Эдуард Мәлбеков дүниеден өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен шәкірттеріне көңіл айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Министрліктің мәліметінше, Эдуард Жабашұлы саналы ғұмырын өнерге арнаған көрнекті балет әртісі, хореограф, педагог әрі тәлімгер болды. Оның есімі отандық балет өнерінің қалыптасуы мен даму тарихында айрықша орын алады.
Өнер жолында ол "Спартак", "Бақшасарай бұрқағы", "Жизель", "Аққу көлі", "Дон Кихот", "Махаббат туралы аңыз", "Кармен-сюита" секілді классикалық және ұлттық қойылымдарда басты партияларды орындап, қазақ балет өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған.
Эдуард Мәлбеков хореографиялық білім беру саласының дамуына да сүбелі үлес қосқан. Ұстаздық жолында бірнеше буын өнерпазды тәрбиелеп, үлкен шығармашылық мектеп қалыптастырған.
"Оның көптеген шәкірті бүгінде Қазақстанда және шетелде отандық балет өнерін лайықты танытып жүр. Биік кәсіби шеберлігі, талапшылдығы, өнерге адалдығы мен шәкірттеріне деген қамқорлығы кейінгі буынға өнеге болып қалды.
Эдуард Жабашұлының жарқын бейнесі, ғибратты ғұмыры мен ұлттық мәдениетке сіңірген елеулі еңбегі туған-туыстарының, әріптестері мен шәкірттерінің, барша өнерсүйер қауымның жадында мәңгі сақталады", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2414757-belgili-baletmeister-eduard-malbekov-dunieden-ozdy/
