Қазақстанда киік мүйізі алғаш рет аукционға шығарылды: одан түскен табыс кімге бұйырады
Жарияланған күні:

21 тамызда киік мүйізі алғаш рет ірі көлемде заңды аукционға шығарылады. Тиісті лот осы айдың басында электронды сауда алаңы e-Qazyna порталына орналастырылған болатын. Оған қатысу үшін өтініш беру керек. Жоспар бойынша сауда 21 тамыз сағат 10:00 де басталады. Аукционға қанша мүйіз шығарылады? Оның бастапқы құны қандай? Түскен қаражат қайда жұмсалады? Бұл сұрақтарға жауапты "Хабар" агенттігі ұсынды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басқарма басшысы Ануарбек Бермағанбетовтің айтуынша, мемлекет балансына соңғы үш жылда 232 мың киік мүйізі жиналған. Салмағы– 36 тонна. Міне, соның бір тоннасын жақында сату туралы шешім қабылданыпты. Аукционға қойылған мүйіздердің орташа ұзындығы – 25 сантиметр. Бір келісінің бастапқы құны 2 600 доллар.
"Ең төменгі баға – сол. Жоғары бағамен ойнатылады. Ағылшын тәсілі дейді ғой, ең көп баға берген адам ұтып алған болып саналады. Қазіргі уақытта мың келі ойнатылып жатыр", - дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басқарма басшысы Ануарбек Бермағанбетов.
Қоймада бұдан да көп өнім бар. Алайда оның барлығы бірден саудаға шығарылмайды. Бұл – халықаралық талап. Қазақстан – ақбөкеннің негізгі мекендейтін орны. Оларды ерекше қорғауға алғалы, саны 4-5 есе артты.
Жануарлардың шабындықтарды жеп, егістікті таптауы жиілеп кетті. Популяция санын реттеу үшін 2025 жылы 196 мың киік ауланған. Нәтижесінде комбинаттарға 3,9 мың тоннадан астам ет тапсырылған. Аукционға солардың мүйіздері шығарылып жатыр. Үкіметтің есебінше, бір тонна өнімнен кем дегенде 1,2 млрд теңге түседі. Ол қайда жұмсалады?
"Біздің комитет тарапында "Охотзоопром" деген мекеме бар. Киік қорғау іс-шараларын жүргізетін сол мекеме. Сол мекеме қандай іс-шаралар жүргізеді, сол бағыттарға жұмсалады бұл ақша. Ол жерде инспекторларды оқыту бар, жобаларды іске асыру бар. Табиғатты қорғау шараларына жұмсалады. Техника алу, жанар-жағармай", - дейді Ануарбек Бермағанбетов.
Киік мүйізі – қара нарықтағы ең өтімді тауарлардың бірі. Сұраныс бар жерде заңсыз аулау да тыйылмай тұр. Соңғы екі жылда 47 браконьерлік дерек анықталған. Құқық қорғау органдары мыңдаған мүйізді тәркілепті.
Осы жерде ескеретін жайт, халықтың қолындағы және браконьерлік жолмен алынған мүйіздер ресми саудаға жіберілмейді. Мемлекет киік популяциясын бақылау мен заңсыз айналымға қарсы күресті қатар жүргізіп отыр. Ал аукцион нәтижесі алдағы күндері жарияланады.
Авторлар: Ердәулет Ыбырайұлы, Тайыр Мерекенов.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2415678-qazaqstanda-kiik-muiizi-algash-ret-auktsionga-shygaryldy-odan-tusken-tabys-kimge-buiyrady/
