Күзден бастап "Ертіс орманына" кіру ақылы болады
Жарияланған күні:
Читать на русском
"Ертіс орманы" резерватына кіру ақылы болады: 2026 жылдың күзінен бастап бұл жерде екі бақылау-өткізу пунктін ашу жоспарланып отыр, кіру ақысын QR-код арқылы төлеуге болады, деп хабарлайды мекемеге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Резерват әкімшілігінің мәліметінше, екі бақылау-өткізу пунктінің біріншісі Садықащы ауылына баратын жолда орналасады. Сондай-ақ ол №1 "Ғабдул Уахит Хазірет" туристік маршрутында болады.
Екінші бақылау-өткізу пунктін Жаңауыл ауылындағы Бауртал орман шаруашылығында ашу көзделіп отыр.
"Резерват аумағына кіру ақылы болады. Келушілерге ыңғайлы болу үшін QR-код арқылы төлеу қарастырылған. Төлемді растайтын түбіртекті бақылау-өткізу пунктінде көрсету қажет", - делінген "Ертіс орманы" МОТР РММ әкімшілігінің хабарламасында.
Айта кетейік, резерват өкілдері төлем алудың құқықтық негізі ретінде Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Заңының 38-бабын және жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға бару ережелерін көрсетті.
Сондай-ақ кейбір қазақстандықтар үшін жеңілдіктер қарастырылғаны хабарланды.
"Резерват шекарасында орналасқан елді мекендердің тұрғындары тұрғылықты жерін растайтын құжатты көрсеткен жағдайда төлемнен босатылады", - деп толықтырды резерват әкімшілігі.
Әкімшілік қонақтарға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережелерін сақтау қажеттігін еске салды.
"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды, қоқыс қалдырмауды және табиғатқа ұқыпты қарауды сұраймыз", - деді резерват өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2415998-kuzden-bastap-ertis-ormanyna-kiru-aqyly-bolady/
