jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Жұлдыз Кенжегалиева
Жұлдыз Кенжегалиева
Қазақ редакциясының басшысы

Қымыз ішкен жүргізуші айыппұлға ұрынуы мүмкін бе

қымыз
Қымыз. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қымызға арақ қосып сатады деген рас па? Қазір осы сұрақ төңірегінде көпшілік пікірі екіге жарылды. Дүкен сөрелерінде самсап тұрған сусыннан "масайып қалды" деген ақпарат жиі айтылып жүр. Табиғи қымыз бен жаппай сатылымға шыққан құтыдағы қымыздың айырмашылығы қандай? Бір бөтелкесін ішсе, алкотестер қанша промиль көрсетеді? "КТК" тілшісі бұл сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Телеарна тілшісі қазір дүкендерде жаппай сатылып жатқан бағасы 2200 теңге тұратын трендтегі қымыздың бір түріннен дәм татпай тұрып, алдымен алкотестермен өзін тексеріп көрді. Алкотестер аппараты бастапқыда 0,0-ді көрсетті. Ал бір саптыаяқ қымызды ішкеннен кейін алкотестер көрсеткіші 3 промилледен бір-ақ шықты.

"Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай, алкотест 2,45 промилле көрсетіп тұр. Бұл сіз ішкен қымыздың құрамында этил спиртінің бар екенін көрсетеді және бұл жүргізушілерге көлік айдауға өте қауіпті. Бұл қоғамға да, жүргізушінің өзіне де өте қауіпті деп саналады", - дейді нарколог дәрігер Қорлан Елеуова.

Қымыз ішіп көлік тізгіндесеңіз, өзіңіз 15 тәулікке қамалып, жүргізуші куәлігіңізден де айырылып қалуыңыз ғажап емес. Мамандардың сөзінше, масаң күйде көлік жүргізіп, медициналық куәландырудан өтуге келген жүргізушілер тек қымыз ішкенін айтып ақталады екен. Ал тексеру барысында олардың қан құрамынан спирт анықталған.

"Біз келістік, сараптамадан өтті. Мына жақтан қолын қойды. Дәрігер бәрін қарады. Біздің дәрігер: "Қосымша сараптамадан өтесің бе?" деді. "Өтемін, қан тапсырамын". Қан тапсырды. Қан құрамында одан да көп шықты. 1,5 промилле ме, 2 промилле шықты. Ол не деген сөз? Демек қымыздың құрамында спирт бар. Қымыз қазір трендте. Бірақ ол мастық сезімін береді. Ол — анық", - дейді Маңғыстау облысы психикалық денсаулық орталығының басшысы Мәди Тоқанов.

Табиғи таза қымыз өндіріп, оны сатып жүрген қала тұрғыны да бұл хақында өз пікірін білдірді. Айтуынша, ата-бабаларымыз қымызды әдейі ашытып, масаю мақсатында ішпеген. Бал сусынның құдіреті бойыңызға күш-қуат беріп, сергітеді, дейді ол.

"Кейбіреуі бар, өз-өзін алдайтын. Жақында бір адам өз-өзін алдап, ішіп кетті. Күнде ішіп кетті. Жанұясы бізді танитын болғандықтан, көмек сұрады. "Мен тек қымыз ішіп жүрмін ғой" дейді. Сылтауратып жүр. Қазір халықтың негізгі үлкен проблемасы – сол. Адамдар өз-өзін алдап жүр, "бұл қымыз" деп. Негізгі нәтижесі жаңағыдай болып тұр, спирті кәдімгідей сырамен бірдей", - дейді Ержан Телманұлы.

Дереккөз: "КТК" арнасы

Қымыз ішкен жүргізуші айыппұлға ұрынуы мүмкін бе

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.