"Ұлдана Мырзуанның қазасы": Жұбаниязованың адвокаты істі прокурорға қайта жіберуді сұрады
Жарияланған күні:

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында айыпталушы Жұбаниязованың адвокаты істі прокурорға қайта жіберуді сұрады. Өйткені бұған дейінгі тергеуде процессуалдық заң бұзушылықтарға жол берілген көрінеді, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Қорғаушының сөзінше, Жұбаниязова сот талқылауы басталардан бір ай бұрын куәгер мәртебесінде болған. Сондай-ақ тергеу әрекетінің барлық хаттамасына сотталушы мен адвокаттың қолы қойылмапты әрі тұрғын үй қасбеті мен кондиционердің құлау себебін анықтаған сарапшыларға ғимараттың жобасы мен техникалық құжаттамасы берілмеген. Алайда сот көпке созбай, қорғау тарапы келтірген өтініш уәжін қанағаттандырмады
"Құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, құлауға ғимарат конструкциясындағы ақаулар себеп болған. Атап айтқанда, кірпіш қалау жіктерінің сапасыз толтырылуы, тіктен ауытқу, сынған кірпішті пайдалану. Бұдан бөлек, Жұбаниязованың кейінгі процессуалдық мәртебесі куәгерден күдіктіге өзгергенін ескерсек, оның қандай мәртебеде жауап бергені, оған қандай құқықтар түсіндірілгені және оның білікті заң көмегін алуға нақты мүмкіндігі болған-болмағаны мәселесі ерекше маңызға ие. Себебі оның сол кезде берген жауаптары кейін өзіне қарсы дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін", - дейді С.Жұбаниязованың қорғаушысы Дәурен Есламбеков.
Қайғылы оқиға былтыр қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы мекенжайындағы тоғыз қабатты үйдің маңында болды. Әуелі ғимарат қасбетінің кірпіш қаптамасы опырылып түсіп, соның салдарынан бес адам зардап шеккен.
Жәбірленушілердің шақыртуына келген жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан көмек көрсете бастаған кезде үстіне кондиционер құлады. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, ол ауыр жарақаттан көз жұмды.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2418963-uldana-myrzuannyng-qazasy-zhubaniiazovanyng-advokaty-isti-prokurorga-qaita-zhiberudi-surady/
