Білім күні Яндекс Go арқылы сапарға қай кезде тапсырыс берген тиімдірек екені белгілі болды
Жарияланған күні:

1 қыркүйекте көлік жетіспеушілігіне байланысты сапар құны әдеттегіден жоғары болуы мүмкін. Өйткені таңертең көпшілік мектепке жету үшін таксиге тапсырыс береді, сондай-ақ жүргізушілердің де арасында баласын мектепке апаратындар бар, яғни бұл күні желіге шығатын көлік саны азаюы ықтимал. Яндекс Go Білім күні сапарға қай уақытта тапсырыс берген тиімдірек екенін және жол шығынын азайтуға көмектесетін бірнеше тәсілді ұсынады.
Сапарға қай уақытта тапсырыс берген тиімді
Өткен жылғы сервис деректеріне сүйене отырып, Яндекс Go мамандары 1 қыркүйекте сапарға тапсырыс беруге қолайлы уақытты болжап көрді*. Білім күні таңғы сағат 6:40-тан бастап тапсырыс саны айтарлықтай арта бастайды. Сондықтан көлікті осы уақыттан 10-15 минут бұрын шақырған дұрыс. Сұраныс ең жоғары деңгейге шамамен таңғы 7:30-да жетеді. Одан кейін 7:50-ге дейін сұраныс біршама бәсеңдеп, сапар құны да сәл төмендеуі мүмкін. Ал 8:45-тен кейін сервистегі сұраныс, әдетте, азая бастайды.
Сапар құны неге байланысты?
Сапардың түпкілікті құны пайдаланушы таңдаған тарифке, баратын жерге дейінгі қашықтыққа, жолға кететін уақытқа және сол аудандағы бос көліктер санына байланысты. Егер сапарға тапсырыс берушілер бос жүргізушілерден көп болса, баға әдеттегіден жоғары болуы мүмкін.
Оқу жылының алғашқы күні көпшілік мектепке бір уақытта жол тартатындықтан, сапарларға сұраныс артады. Жүргізушілердің де арасында балаларын мектепке апаратындар бар, сондықтан олардың кейбірі бұл күні желіге шықпауы мүмкін. Сұраныс пен бос көлік санының арасындағы теңгерімді қалыпқа келтіріп, жүргізушілерді тапсырыс көп аудандарға тарту үшін сервисте бағаны арттыратын коэффициент автоматты түрде іске қосылады. Бұл – шұғыл жолға шығуы керек адамдарға көлік табуға мүмкіндік беретін уақытша шара. Жоғары коэффициент желіге көбірек жүргізушінің шығуына ықпал етеді. Сапарға тапсырыс бергендердің бәріне көлік жеткілікті болған кезде баға да қалыпты деңгейге түседі.
Сапарға аз ақша жұмсаудың бірнеше тәсілі
Баға индексіне назар аударыңыз
Яндекс Go қолданбасында сұраныс индексі бар. Ол дәл сол сәттегі бос көлік санының сұранысқа жеткілікті-жеткіліксіз екенін көрсетеді. Индекс қолданбаның негізгі экранының жоғарғы сол жақ бұрышында орналасқан. Егер желіде бос көлік жеткілікті болса, индикатор жасыл түсті, сапар құны қалыпты деңгейде болады. Сұраныс жоғарыласа, индекс қызғылт сары немесе қызыл түске боялады, мұндай кезде сапар құны да әдеттегіден жоғары болуы мүмкін.
"Жаяу жүру" және "Күте тұру" ұсыныстарын пайдаланыңыз
Яндекс Go-да сұраныс жоғары кезде де сапар құнын азайтуға көмектесетін ұсыныстар бар. Мысалы, қолданба көлікті сәл ұзағырақ күтуді немесе мінетін жерге дейін бірнеше минут жаяу баруды ұсынуы мүмкін. Мұндай ұсыныс жолда кептеліс болғанда немесе аулаға кіру қиын болған жағдайда шығуы ықтимал. Осының арқасында жолаушы сапарға азырақ төлейді, ал жүргізуші кептелісте немесе күрделі жолда артық уақыт жоғалтпай, келесі тапсырысқа тезірек өте алады.
"Бірге" тарифін таңдаңыз
"Бірге" тарифін таңдап, жолай басқа жолаушымен бір көлікте барсаңыз, сапар арзанырақ болады. Бұл тарифпен сапарға тек бір адам және көлемді жүгі жоқ жағдайда ғана тапсырыс беруге болады. Яғни бір көлікте бір мезгілде екі немесе үш жолаушы отыруы мүмкін, олардың әрқайсысы "Бірге" тарифі арқылы жеке тапсырыс береді.
Сұраныс жоғары кезде қоғамдық көлікті де пайдалануға болады.
*Ақпарат ұсыныс сипатына ие. Сапар құны мен сұраныстың нақты өзгерісі болжамнан өзгеше болуы мүмкін.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2420781-bilim-kuni-iandeks-go-arqyly-saparga-qai-kezde-tapsyrys-bergen-tiimdirek-ekeni-belgili-boldy/
