Құлсарыдағы газ құю бекетіндегі ерлі-зайыптының өлімі: жәбірленуші тарап сот шешімімен келіспей отыр
Жарияланған күні:

Құлсары қаласында газ құю бекетінде болған жарылыстан мерт болған ерлі-зайыптының балалары Жылыой ауданы сотының шешімімен келіспей отыр. Сот газ құю бекетін жетім қалған марқұмдардың төрт баласына 10 миллион теңгеден төлеуді міндеттеген. Бүгін Атырау облыстық сотында апелляциялық сот отырысы басталды. Газ құю бекетінің өкілдері бұған дейінгі процесте апатқа марқұмдарды кінәлап келген, деп хабарлайды КТК арнасы.
Алапат жарылыс Құлсары қаласының дәл орталығында болған еді. Апаттан жүргізуші мен кассир қаза тапты. Олардың артынд төрт баласы жетім қалды.
Одан бөлек бірнеше адам ауыр жарақат алса, іргесіндегі кәсіпкерлік нысан өртке оранды. Аталмыш қылмыстық іске қатысты Жылыой ауданының соты өрт қауіпсіздік талабын орындамаған тасымалдаушы кәсіпкер Серік Есенбаевты 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырған. Зардап шеккен кәсіпкерлік нысанға 500 млн теңгеден астам өтемақы төлеуді міндеттеген.
Ал ата-анасынан айырылған төрт балаға белгіленген өтемақы - 40 миллион теңге.
Апелляциялық сот процесінде марқұмдардың туыстарының құқығын қорғаушы адвокат бір күнде әкесі мен шешесінен айырылған балалардың әрқайысына 250 млн теңгеден өтемақы төленуін сұрады.
Адвокаттың сөзінше, жарылыс газ құю бекетінің өрт қауіпсіздік ережесін сақтамауынан болғанымен, олар мерт болған жүргізушіні кінәлап келгенін де айтты.
"Құрметті сот! Төрт бала, оның ішінде біреуі кәмелетке толмаған, осы апаттан бір уақытта ата-анасынан айырылды. Олардың өмірі бір мезетте астаң-кестең болды. Жылыой ауданы сотының шешіміндегі 10 млн теңге өтемақы - қисынсыз.
Балалардың жан жарасын өтеу мүмкін емес. Заңда нақты моральдық шығын жоқ. Бірақ біз 1 млрд теңге, яғни әр балаға 250 млн теңдеген өтемақы төлеуін сұраймыз", - дейді жәбірленуші тараптың адвокаты Ахат Қабдешов.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2422095-qulsarydagy-gaz-quiu-beketindegi-erli-zaiyptynyng-olimi-zhabirlenushi-tarap-sot-sheshimimen-kelispei-otyr/
