Алматы облысында шаруалар жаз бойы өсірген картопты жинай алмай, әбігерге салынды
Жарияланған күні:

Алматы облысында шаруалар ала жаздай өсірген картопты жинай алмай отырғанын мәлімдеді. Күзгі терім жақындағанда ат шаптырым аумақтың бұрынғы иесі келіп, жұмысты тоқтатуды талап етіпті. Ал шаруалардың қолында 10 жылға жасалған келісімшарт бар. Дау сотқа жетіп, шешім жер иесінің пайдасына шыққан. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Жеті баланың әкесі Ноян Сайрабеков бір жыл бойы көрші ауылдан қатынап, осы алқапта еңбек етіп, отбасын асырап жүр. Енді мұндағы жұмыс тоқтап, нәпақасыз қаламын ба деп алаңдайды.
"Бір жыл болды, міне, бала-шағаның нәпақасы, бала-шағаның қамы деп жұмыс істеп жатырмыз. Енді бұл жерде кикілжің болып жатыр. Енді кооператив жұмыс істемесе, біз, істеп жатқан осы жастар, басқа қай жерге барып жұмыс істейміз?!", - дейді шаруалардың бірі Ноян Сайрабеков.
Шаруалардың сөзінше, алқап 20 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылмай келіпті. 2022 жылы шаруалар жер иесімен он жылға келісімшартқа отырған екен. Сөйтіп қажетті техникаларын алып, аумақты қоршап, жұмысқа жағдай жасауға бірнеше жыл уақыт кеткен. Ал жуырда өскен картопты жинауға кірісеміз деп ойлапты. Бірақ жердің бұрынғы иесі аяқасты келіп, жұмысты тоқтатуды талап етті дейді.
"Осы жердің қожайыны жарты жылдан асты, осы жерді қайтарып бересіңдер деп, қайта-қайта сотқа арыз түсіріп жатыр. Дайын бизнеске рейдерлік шабуылының көрінісі бар сияқты. Өйткені ешқандай әңгімеге келіп жатқан жоқ, тек қана сот, сот. Көктемде осы жерге жергілікті полиция өкілін алып келіп, құрылыстағы балалардың бәрін алқаптан қуып шыққан. Ол кезде ешқандай сот та болған жоқ", - дейді "Алтын дән" кооперативінің төрағасы Дулат Құлмамыров.
Алқапта 20-дан астам адам жұмыс істеп келген. Шаруа қожалығы басшысының айтуынша, келесі жылы тұрақты жұмыспен 50 адамды қамту жоспарланған. Жобаға мемлекет тарапынан да миллиардтаған қаржы салынған. Тіпті биыл әлемге танымал компаниямен келісімшарт жасалыпты.
Бұл алқаптың аумағы 3 мың гектар, 60-қа жуық техника мен 10 жаңбырлатып суару қондырғысы жұмыс істеп тұр. Жарық, су секілді қажет инженерлік жүйелер де толық тартылған. Мұның бәрі сапалы картоп өндіріп шығару үшін. Алқапта картоптан бөлек, ауыл тұрғындары да егін егеді. Сондықтан олар да шаруа қожалығының жұмысын жалғастырғанын қалайды.
"Қоршалған жердің арқасында біздің ауылда көптеген жігіттер жер игеріп, астық егіп, жұмыс істеп жатыр. Қоршаудың ішінде болғандықтан, келіп, арасында шөп шабамыз. 600 мая шөп алдық, осы жігіттердің арқасында. Көптеген техникамен ауылға көмек береді", - дейді Дәулет Сатан.
Иен далада ауыл тұрғындарының да осыдан 30 жыл бұрын алған жер үлесі бар екен. Алайда олардың келісімінсіз бұл аумақ жер иесінің атына өтіп кеткен көрінеді. Ал жергілікті әкімдік мәселенің мән-жайын анықтап, заң бұзушылық дәлелденсе, жер заңды иесіне қайтарылады деп уәде берді.
"Екі шаруа қожалығының арасындағы келісімшарт бізге түсініксіз болып тұр. Енді оған біз араласа алмаймыз. Нақтылап, анықтап жатырмыз. 2018 жылы шыққан шешім бар дейді. Ол жерде үлескерлер бар дейді. Қазір біз оның құжатын көтереміз. Ол үшін Дулаттың өзін шақыртып, бірге жұмыс атқарамыз. Заңды тіркелмеген жағдайда күшін жоюға, осы тарапқа шығаруға көмектесеміз", - дейді Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Дидар Мұхамеджанов.
Осылайша екі тараптың арасындағы дау сотқа жеткен. Алайда сот шешімі жер иесінің пайдасына шығыпты. Шаруалар бұл шешіммен келіспейді. Енді олар Жоғарғы сотқа жүгініп, апелляциялық шағым түсірмек.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2422098-almaty-oblysynda-sharualar-zhaz-boiy-osirgen-kartopty-zhinai-almai-abigerge-salyndy/
