Ақмола облысында білім беру ұйымдары табиғи газға көшуде
Жарияланған күні:

Ақмола облысында білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жаңғырту, оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Соның бірі – Аршалы ауданындағы мектептер мен балабақшалардың жылыту жүйесін экологиялық таза табиғи газға көшіру, деп хабарлайды Ақмола облысының әкімдігі.
Бұл бастама білім беру мекемелерін тұрақты жылумен қамтамасыз етуге ғана емес, қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға және жылыту жүйелерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
2024–2025 оқу жылында Аршалы ауданындағы бес білім беру ұйымының қазандықтары қатты отыннан, яғни көмірден табиғи газға ауыстырылды. Газдандыру жұмыстары толық аяқталып, жаңа жүйелер пайдалануға берілді.
Табиғи газға Аршалы кентіндегі білім беру мекемесі, Жалтыркөл орта мектебі, Бабатай негізгі мектебі, Ижев орта мектебі және Түрген орта мектебі көшті. Бүгінде бұл ұйымдар заманауи жылыту жүйесі арқылы қамтамасыз етілуде.
Жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. 2026–2027 оқу жылында Аршалы ауданындағы тағы төрт білім беру мекемесін табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Есілжай бөбекжайын, Жібек жолы кентіндегі мектеп-лицей мен жалпы орта мектепті, сондай-ақ Аршалы кентінің №1 жалпы орта мектебін газдандыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Жомарт Каирмеденовтің айтуынша, білім беру ұйымдарында жоғары энергия тиімділігімен ерекшеленетін заманауи газ жабдықтары орнатылуда.
"Жаңа жүйе автоматты режимде жұмыс істейді. Бұл оқу жылы бойы ғимараттардың біркелкі жылытылуын қамтамасыз етіп, білім алушылар мен педагогтер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді", – деді ол.
Мамандардың айтуынша, табиғи газға көшу көмірді сақтау, тасымалдау және жағу сияқты қосымша жұмыстарды қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар атмосфераға тарайтын зиянды шығарындылар көлемін азайтуға ықпал етеді.
Осылайша, Аршалы ауданындағы білім беру ұйымдарын газдандыру – инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл бастама мектептер мен балабақшаларды сенімді әрі тиімді жылумен қамтамасыз етіп қана қоймай, экологиялық жағдайды жақсартуға да өз үлесін қоспақ.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2422737-aqmola-oblysynda-bilim-beru-uiymdary-tabigi-gazga-koshude/