"Ашаршылықта бір тазы бір ауылды асыраған": Атырауда 9 жастағы бала тазы баптаудың сырын айтты
Жарияланған күні:

Қазақы тазы мен төбет күнінің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жеті қазынаның бірі саналатын тұқымды сақтау және оны кеңінен насихаттау. Атыраулық Дүйсәлиевтер әулеті 50 жылдан бері тазы асырап, ұрпақтар сабақтастығын жалғап келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әнуар Дүйсәлиев – атадан қалған аманатты арқалап жүрген азаматтардың бірі. Оның атасы да, әкесі де тазы асырап, саятшылық құрған. Ұрпақ сабақтастығына ұласқан сара жолды бүгінде ұлы мен немересі жалғапты. Асыл тұқымды иттер отбасының ажырамас серігіне айналған. Саят кезінде тазылары шибөрі де алған екен. Осылайша Дүйсәлиевтер әулетіндегі тазы баптау дәстүрі жарты ғасырдан астам уақыт бойы үзілмей келеді.
"Атам, әкем тазы ұстаған, одан кейін маған, менен Қамбар балам жалғастырып келеді. 100 жылдық тарихы бар, ашаршылық кезінде бір тазы бір ауылды асыраған. Болашақта тазыны дамытамыз, ол – ұлттық құндылығымыз", - деді қала тұрғыны Әнуар Дүйсәлиев.
Бүгінде 9 жастағы Әділжан да тазы баптауды үйреніп жүр. Ол сабақтан тыс уақытта атасы мен әкесіне көмектеседі. Аңшылыққа да бірге шығады. Ерекше жақсы көретін иттеріне Түйгін, Ханшайым, Аңыз, Арлан деп ат қойған.
"Аңшылық ұнайды. Күнде әкем, атама еріп, аң аулауға барамыз, аңшы болғым келеді. Баяғы да бабаларымыз бір ауылды бір тазы итпен құтқарып қалған. Мен осы қарғы бауларды тағып үйрендім. Ең жақыны Семсер, оны күтіп, баптағанды ұнатамын. Ең үлкені – сол", - деді Ә. Дүйсәлиевтің немересі Әділжан Әнуар.
Қазақ тазысы жүйрік, епті, шыдамды және еркіндікті жақсы көреді. Бойы шамамен 65-70 см, салмағы 20-25 келі болады. Төртаяқты жануар өте иісшіл әрі қырағы келеді. Соның арқасында қоян, түлкі, қасқырды қалт жібермейді. Әнуар Дүйсәлиевтың айтуынша, тазы жыртқыш мінезін тек аңшылықта ғана көрсетеді.
"Әр заттың бабы керек қой. Атбегі, құсбегі, итбегі бол, әр нәрсеге бап керек. Күшік кезінде ай жарымда 21 күнде оның құртын түсіреміз. Екпелері бар, баптап, дәрумендерін, құрғақ итке арналған сүтті дайындап береміз. Тазы – аңшы ит, аң ұстаған кезде жеп қоймау үшін тамағын шақтап беру керек", - деді қала тұрғыны Әнуар Дүйсәлиев.
Тазыны баптау дәстүрі – ит асырау деген ұғыммен шектелмейді. Бұл атадан қалған дәстүрді сақтау. Дүйсәлиевтер әулеті үшін тазы – ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық мұраға деген құрметтің көрінісі.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2422824-asharshylyqta-bir-tazy-bir-auyldy-asyragan-atyrauda-9-zhastagy-bala-tazy-baptaudyng-syryn-aitty/
