Атыраудағы ауылда оқушы қыздар қызыл кітапқа енген лотос алқабын өсірді: мамандар пікір білдірді
Жарияланған күні:

Атырау қаласы іргесіндегі Тасқала ауылында лотос алқабын қызықтауға қала тұрғындары мен қонақтар жиі келеді. Ал бұл гүлді дәл осы аумаққа екі жыл бұрын ауылдың екі кішкене қызы Айым мен Шаттық ойнап жүріп шашып кеткен. Арада бірер жыл өткенде қаулап шыға бастапты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қыздардың айтуынша, бұл гүлдердің тұқымын анасы Қытайдан тапсырыспен алдырған.
"Анам Қытай маркетплейсінен тапсырыс берген лотостың тұқымын үйде өсіргісі келді. Өспеген соң, Кеңөзек ауылындағы осы жаққа лақтыруды айтты, Сөйтіп біз 2024 жылы ана жақтан, мына жақтан, ойнап жүріп лақтырдық. Сөйтіп қолымызда көп қалғаннан кейін осы жаққа лақтыра салдық, қатты шаршадық. 2025 жылы шамалы өсті. Ал 2026 жылы қаптап өсіп кетті!", - деді Айым Жангелді.
Айым мен Шаттық алғашында не дән екенін өздері де білмеген. Анасы қолына ұстатып жіберген соң, өзек бойын жағалап шаша берген. Дәл осы жерге келгенде қаптың түбіндегінің бәрін лақтыра салыпты. Былтыр мал суарып жүрген ауыл тұрғындары үлкен жапырақтар шығып жатқанын көрген. Мұны естіген қыздар да келіп, өздері дән тастаған жер екеніне көз жеткізіпті. Биыл қаулап өсіп, бүршік атып, таң қалдырды, дейді олар.
"Үкімет басшылары осы жерге келіп қарап, жұрт әлеуметтік желілерге салып жатыр. Содан шығып жатыр. Енді осыдан екі ай бұрын шыққан нәрсе ғой. Шағындау болып еді, қазір үлкейіп кетті, осы екі айдың шамасында үлкен болып, екі жағына жайылып, жақсы болып гүлдеп жатыр. Біз қуаныштымыз. Атырау халқы енді екі айдан бері осы жерге күнде келіп жатыр, кешкісін де. Бала-шағасымен келіп, қуанып, қарап, біз де қуаныштымыз. Атырау халқына осындай қыздарымыз қуаныш сыйлағанына", - дейді қыздардың анасы Раугүл Әзімжанова.
Қыздардың аналарының айтуынша, әкімдіктен бұл өсімдіктің өсуіне қызығушылық танытып, келіп сұрағандар болған. Өйткені олар лотосты арнайы еккен, бірақ өспеген.
Бұл өсімдіктің жапырағына су жұқпайды, домалап түседі. Ерекшелігінің бірі осы. Мұны "лотос эффектісі" деп те атайды екен. Соңғы жылдары гүлдің су бетіне қаулап өсуі экожүйеге кері әсер етеді деген болжам айтылып жүр. Бірақ бұл нақты ғылыми дәлел емес. Өйткені ғалымдар лотостың пайдасын да, зияны да бар дейді, бірақ бір жақты тұжырымға келмеген.
"Атырау қаласынан лотос қаулап өсіп жатыр" деген жаңалық тарағалы, әлеуметтік желіде зиянын жарысып жазып жатқандар да көбейді.
Осы дауға қатысты Халел Досмұхаммедов атындағы Атырау университетінің профессоры, биолог, ғалым Гүлнар Сапарованың пікірін білдік.
Су саласын зерттеуші ғалым лотостың зиянынан пайдасы көп екенін, тек экожүйедегі тепе-теңдікті сақтап, яғни су көзін түгел жауып тастамауын қадағалау керек дейді. Бұл өсімдікте пайдалы химиялық элементтің көп екенін де айтты.
"Бұл гүл су экожүйесінде көбейіп жатыр. Оның жапырақтары үлкен. Сол жапырақтарының сабақтар, тамырлары судың астындағы су экожүйесіндегі балықтарға пайдалы. Себебі ол мекен ортасы болып табылады. Ол әдеміліктің нышаны, оны жоюға болмайды. Бірақ табиғатта оның балансын ұстап тұруға болады. Реттеп отыруымыз керек. Ол үшін не істеуіміз керек? Ол үшін су экожүйесіндегі аумағын анықтап, спутник арқылы, дрондар арқылы, қай жерге дейін таралып жатыр, оның биологиясы қалай, анатомиясы қалай, қоршаған ортаға қалай әсер етіп жатыр, соны білуіміз керек", - дейді биолог-ғалым Гүлнар Сапарова.
Айым мен Шаттықтың лотосы өсіп жатқан су көзі Жайық өзенінің арнасы емес — саға. Бұл өзектің суын іргесіндегі кәсіпорын да пайдаланып отыр екен. Қазір бұл аймақ ауылдағы демалыс орнына айналған.
Атырау облысында лотос гүлінің ауқымды алқабы Құрманғазы ауданы Қиғаш өзенінде. Деректерде оның аумағы 5 мың гектар. Соңғы жылдары ол өңір туристтік нысанға айналып келеді. Сонымен қатар биыл дәл осы ауданның Ресеймен шекаралас Көптоғай ауылындағы өзен бойынан да лотос гүлдері табылған.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2423364-atyraudagy-auylda-oqushy-qyzdar-qyzyl-kitapqa-engen-lotos-alqabyn-osirdi-mamandar-pikir-bildirdi/
