jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Жұлдыз Кенжегалиева
Жұлдыз Кенжегалиева
Қазақ редакциясының басшысы

Ақтөбеде мембағдарлама бойынша салынған 9 қабатты үш үйдің қабырғасы қақырай бастады

Қабырғасы ажырап жатқан үй
Қабырғасы ажырап жатқан үй. Кадр: "КТК" арнасы

Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тоғыз қабатты үш үйдің тұрғындары жаңа қонысынан дереу көшіруді талап етіп отыр. Себебі небәрі екі жыл бұрын ғана пайдалануға берілген ғимараттың қабырғасы қақырай бастаған. "Үйінді астында қаламыз ба" деген тұрғындар үреймен өмір сүріп жатыр. Ал әкімдіктегілер кешенді тексеруді бастады, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Ақтөбе шетіндегі үшінші ықшам ауданда қатар тұрған үйлердің тұрғындары күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Күн сайын арасына қол сиятындай қақырай бастаған қабырғаны көріп, қорқынышпен күй кешіп отыр.

Қабырғалардың ажырап бара жатқаны соншалық, көршілер саңылаудан бір-бірінің пәтерін көріп, не істеп, не қойып жатқанын біліп отырады. Тоғызыншы қабаттан басталған жарық төменгі қабатқа дейін жеткен. Енді тұрғындар бір күні үй құлап, үйінді астында жапырылып қаламыз ба деген үрей үстінде. Сондықтан жаппай көшіруді талап етіп отыр.

"Екі үйдің ортасы ашылып, жарылып, құлайын деп тұр. Қазір апатты жағдайда тұрмыз. Біз, халық, мына үш үйде тұратын — мүмкіндігі шектеулі жандар, үлкен кісілер, қарттар, балалар. Біз қорқып өмір сүргіміз келмейді. Бүгін тұра аламыз ба? Аман-сау тұра аламыз ба?!", - дейді Айгүл Қаженова.

"Ас үйдің қабырғасы үш жерден жарылып жатыр. Залымның қапталы жарылып жатыр. Сосын жатын бөлменің төбесінде тесік ұлғайып бара жатыр. Жүрегім тарсылдап, тоқтамайды, қорқамын. Құлап қала ма, астында қалып қоямын ба деп, уайымдап жүрмін", - дейді Гүлбаршын Аманғалиева.

Тоғыз қабатты үш үйде екі жүзден астам шаңырақ тұрады. Мұндағы баспаналар пәтер кезегінде тұрған мүгедек, жетім және көпбалалы отбасыларына берілген. Қоныс тойын тойлап көшіп келгеніне екі жылға да жетпеді. Енді мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің құрылысының сапасына қатысты шу шыққан соң, мамандар тексеруге кірісіпті.

"Бұл үй панельден салынған. Біз арнайы сарапшылар шақырдық. Солардың қортындысының негізінде кемшіліктер жойылады. Жалпы кепіл мерзімі біткені рас, бірақ панель құрылысына қатысты кепіл уақыты толық қолданыс кезінде сақтала береді. Техникалық зерттеу жүргізіліп, сараптамаға он күндей уақыт кетеді", - дейді Ақтөбе құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан Жантөрин.

"Бұл үйлерде тұру соншалықты қауіпті емес" - дейді әкімдіктегілер. Бірақ нақты жауап беруге алдымен зертхана тексеруінің қортындысын алуымыз керек деп отыр. Тұрғындардың құрылыс сапасына әу бастан көңілі толмаған. Биыл жазда бір пәтердің тас қоршауы желге шыдамай құлап қалған.

Дереккөз: "КТК" арнасы

Ақтөбеде мембағдарлама бойынша салынған 9 қабатты үш үйдің қабырғасы қақырай бастады

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram