jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
18+
Жұлдыз Кенжегалиева
Жұлдыз Кенжегалиева
Қазақ редакциясының басшысы

"12 адам қаза тапқан": Щучинскте дәмханадағы жарылысқа кінәлілер сотталды

Сот
Сот. Иллюстрациялық фото: boonchai wedmakawand/Getty Images

Щучинск қаласында дәмханадағы жарылысқа қатысты сот үкімі шықты. Темір торда отырған кафе иесі мен автогаз құю станциясының директоры жеті жылға сотталды. Ал үйқамақтағы газ тасымалдаушы сот залында 6 жылға қамауға алынды. Жақындарынан айырылғандар үкіммен келісе ме? "КТК" арнасының тілшісі біліп қайтты.

Алты ай бұрын болған жойқын жарылысқа қатысты істің нүктесі бүгін қойылды. Осынау апатта 12 адам қаза тауып, 11 адам жарақат алған еді. Енді палау орталығының иесі мен газ құю станциясының директоры 7 жылын түрмеде өткізеді. Ал жарылған баллондарды жеткізген газ тасымалдаушы 6 жылға сотталды. Сот тек оларға ғана емес, мәселені жүйелі шешу үшін облыс әкіміне де жеке қаулы шығарды.

"Ақмола облысының әкіміне қылмыстық істі қарау барысында анықталған профилактикалық жұмысты ұйымдастырудағы және Щучинск қаласының аумағындағы қоғамдық тамақтану объектілерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық өзара іс-қимылдағы кемшіліктерге назар аударылсын. Қоғамдық тамақтану объектілерінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы, сондай-ақ газ жабдықтары мен газ баллондарын қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдар мен өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың іс-қимылдарын үйлестіру қамтамасыз етілсін", - дейді Бурабай ауданы сотының судьясы Әсел Ілиясова.

Судья қаулыда облыс басшысына бір ай ішінде қабылданған шаралар мен нәтиже бойынша Бурабай аудандық сотына хабарлауды тапсырды. Ал жәбірленушілердің бірі үкіммен толық келіссе, енді біреуі кафе иесіне берілген жаза "тым қатаң" дейді.

"Сот үкімімен келіспеймін. Бізге бастапқы кезден бастап көмектескен жалғыз адам – Мусхажиев Хасан. Оған жеті жыл берді. Не үшін? Менің ойымша, бұл өте көп. Тамақтану орындарында газды пайдалану әлі де жалғасып келеді. Яғни осы қайғылы оқиғадан кейін де тиісті шара толық қабылданбаған", - дейді зардап шегуші Татьяна Қазанцева.

"Мен Никитина Натальяның әпкесімін. Ол оқиға орнында бірден қаза тапты. Мен оны мәйітханадан таптым. Соттың шешіне разымын. Олардың әрқайсысының кінәсі бар, әрқайсысы өз тарапынан тиісті талаптарды бұзған. Бұл тергеу барысында дәлелденді", - дейді зардап шегуші Елена Шабанович.

Кафе иесі баллондарды жылыту радиаторларына жақын жерде сақтаған қызметкерлеріне тиісті нұсқама жүргізбеген. Ал газ баллон тасымалдаушы газды жеткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсаты болмаса да, кафе үшін газ баллондарын жеткізумен айналысқан.

Қайғылы оқиға болған күні ол кафеге бір күн бұрын толтырылған екі баллонды жеткізген. Ол баллонды рұқсат етілген мөлшерден артық толтырылыпты. Ал автогаз құю станциясының директоры тиісті құжаттамасыз, баллондардың толтырылуын бақылауға арналған өлшеу құралдарынсыз жұмыс істеген. Тіпті қызметкерлері арнайы оқытылмапты. Кафе иесі ғимаратты жалға алған.

Жарылыс салдары ғимарат иесіне 19 млн екі жүз елу мыңдай теңге мөлшерінде материалдық залал келтірді. Ал сотталушылар әр жәбірленушіге бір миллионнан төрт миллион теңгеге дейін өтемақы төлеуі керек. Үкіммен келіспесе, апелляцияға шағым бере алады.

Дереккөз: "КТК" арнасы

"12 адам қаза тапқан": Щучинскте дәмханадағы жарылысқа кінәлілер сотталды

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram