jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Эльмира Асқарқызы
Эльмира Асқарқызы
Аға журналист

Қыркүйектің соңына дейін Қазақстанда 124 пойызда спутниктік интернет іске қосылады

интернет
Интернет жылдамдығын өлшегіш. Көрнекі фото: ҚТЖ баспасөз қызметі

ҚТЖ пойыздарында спутниктік интернетті ауқымды енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Қыркүйектің соңына дейін 50 бағыттағы 124 пойыз құрамын, яғни 1 235 вагонды спутниктік интернетпен жабдықтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстан темір жолы" ҰК АҚ жолаушылар пойыздарын спутниктік интернетпен жабдықтау бойынша ауқымды жұмысты жалғастыруда.

"Биыл шілдеде ұлттық тасымалдаушы жолаушылар пойыздарында спутниктік интернетті кең көлемде енгізу жұмыстарына кірісті. 2026 жылғы 8 қыркүйектегі жағдай бойынша Starlink спутниктік интернеті 31 бағытта қатынайтын 59 пойыз құрамында қолжетімді. Бұл 770-тен астам вагонды қамтиды. Қыркүйектің соңына дейін 50 бағыттағы 124 пойыз құрамын, яғни 1 235 вагонды спутниктік интернетпен жабдықтау жоспарланып отыр. Пойыздарда интернеттің қолжетімді болуы – жолаушыларға көрсетілетін қызметтің сапасы мен сапар кезіндегі жайлылықты арттыру жолындағы маңызды қадам", - деді "Жолаушылар тасымалы" АҚ басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.

Төмен орбиталы OneWeb және Starlink спутниктік жүйелерін пайдалану бойынша алғашқы сынақ жобалары 2025 жылы Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Бурабай, Астана – Семей және Алматы – Маңғышлақ бағыттарында жүзеге асырылды. 2026 жылы жоба кең көлемде іске асыру кезеңіне өтті.

Қазір спутниктік интернет жолаушылар көп қатынайтын бірқатар бағыттарда қолжетімді. Атап айтқанда, Нұрлы жол – Алматы, Нұрлы жол – Өскемен, Нұрлы жол – Орал, Нұрлы жол – Петропавл, Алматы-2 – Өскемен, Қызылорда – Семей, Ақтөбе – Алматы-1, Маңғыстау – Ақтөбе, Орал – Маңғыстау, Ақтөбе – Қазалы, Ақтөбе – Атырау және Павлодар – Алматы бағыттарында интернетке қосылуға болады.

Жолаушыға бұл қандай мүмкіндік береді

Спутниктік интернеттің енгізілуі жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен сапар жайлылығын арттыруға, сондай-ақ, Ұлттық тасымалдаушы пойыздарында заманауи цифрлық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Енді пойыздағы уақытты тек жол жүруге жұмсау міндетті емес. Жолаушы сапар барысында жақындарымен байланысып, жұмыс мәселелерін шеше алады, онлайн оқи алады, мемлекеттік және банктік қызметтерді пайдаланып, қажетті интернет сервистеріне қол жеткізе алады.

Спутниктік байланыс арнасы арқылы интернетке қосылу жылдамдығы секундына 100 Мбитке дейін жетеді. Төмен орбиталы спутниктік технологияны пайдалану теміржол желісінің шалғай учаскелерінде де интернетке қосылуға мүмкіндік береді. Мұндай аумақтарда дәстүрлі жерүсті байланыс желілерінің қамту аймағы шектеулі.

Жолаушыларға интернетті пайдаланудың тегін базалық пакеті ұсынылады. Оның аясында WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы мәтіндік хабарламалар алмасуға қосымша ақы алынбайды. Ал интернеттегі басқа да сервистерді кеңінен пайдаланып, трафик көлемін ұлғайтқысы келетін жолаушыларға қосымша тарифтік пакеттер ұсыну жоспарланып отыр.

Қыркүйектің соңына дейін Қазақстанда 124 пойызда спутниктік интернет іске қосылады

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram