Тараздан аудандарға жаңа автобус бағыттары ашылды
Жарияланған күні:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыру, азаматтарды толғандыратын әлеуметтік мәселелерді жүйелі түрде шешу және елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріп келеді. Осы тапсырмалар аясында Тараз қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Солардың бірі – тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту, деп хабарлайды Тараз қаласының әкімдігі.
Әрине, қала аумағы кеңейіп, жолаушылар ағыны артқан сайын қоғамдық көлік жүйесіне түсетін жүктеме де көбейетіні белгілі. Осыған орай қала басшысы Бақытжан Орынбеков шаһар тізгінін ұстай салысымен аталған мәселені шешуге ерекше екпін түсірді.
Соған сәйкес қаланың 2023-2025 жылдарға арналған Даму жоспарында жыл сайын 70 қоғамдық көлік алу көзделген болатын. Бұл жоспарға сәйкес, 2023 жылы – 73, 2024 жылы – 155, былтыр 91 қоғамдық көлік алынды. Биыл жыл басынан бері 25 автобус жеткізілді. Осылайша жаңарған қоғамдық көліктердің саны 381-ге жетті. Нәтижесінде жаңа автобустардың үлесі 57 пайыздан 82,9 пайызға артып отыр.
Қоғамдық көлік саны 330 бірлік автобустан 522-ге дейін көбейді. Жолаушылар бағыттарына қосымша 13 бағыт қосылып, қазіргі уақытта олардың саны 46-ға жетті. Соңғы 3 жылда тасымалданған жолаушылардың саны 36,5 пайызға немесе 14,4 млн адамға артты. Бұл тұрғыда негізгі басымдық Байзақ және Жамбыл аудандарынан қала құрамына қосылған елді мекендерге берілді. Осының аясында өткен жылы Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер ауылынан Таразға қатынайтын қоғамдық көліктің мәселесі шешімін тапты.
Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар биыл да жалғасып, бүгін Тараз қаласы мен Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылы аралығында жаңа әлеуметтік бағыт іске қосылды.
Жаңадан ашылған №67 бағыттағы 14 қоғамдық көлік Аса ауылынан бастап Қостөбе, 27-разьезд елді мекендеріне аялдап, әрі қарай Тараздағы Ы.Сүлейменов, Жамбыл, Төле би, Желтоқсан, А.Пушкин, А.Асқаров, Абай, Сыпатай батыр және Мәмбет батыр көшелері арқылы жүреді. Жүру аралығы 13-15 минутты құрайды.
Автобустардың сызбасы Жамбыл ауданы әкімдігімен бірлесе отырып, халыққа қажетті оқу орындары, медициналық ұйымдар мен сауда орындарына ыңғайлы етіп жасалған.
Жол ақысы да қала тарифімен бекітілген. Яғни барлық тұрғын үшін 100 теңге, ал 18-ге толмаған жасөспірімдер мен балалар үшін 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларының иегерлері, "Батыр ана", "Ана даңқы" ордендерінің I және II дәрежелерімен наградталған көпбалалы аналар және бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар автобуста тегін жүруге құқылы.
Автобустардан бөлек, тұрғындардың жайлы тұрмысы үшін шаһар аумағында соңғы жылдары 196 жаңа аялдама орнатылған. Бұл жұмыстар үздіксіз жалғаса береді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2424765-tarazdan-audandarga-zhanga-avtobus-bagyttary-ashyldy/
