jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Эльмира Асқарқызы
Эльмира Асқарқызы
Аға журналист

Қазақстанда қандай мамандарға 2 млн теңгеден жоғары жалақы ұсынылады: жаңа деректер жарияланды

Бума ақша
Ақша. Иллюстрациялық фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Бүгінде Электрондық еңбек биржасында 105 907 өзекті бос жұмыс орны бар. Еңбек министрлігі Қазақстанда жоғары жалақы ұсынылатын салалар мен мамандарды атады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ведомство мәліметінше, қыркүйектің басындағы жағдай бойынша Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілердің белсенділігі жоғары деңгейде. Бүгінде платформада 105 907 өзекті бос жұмыс орны бар.                   

Тамызда жұмыс берушілер жариялаған бос жұмыс орындарының саны шілдемен салыстырғанда 25,8 пайыз артып, 131,6 мыңға жетті. Ал жұмыс іздеушілер 145,2 мың түйіндеме орналастырған. Бұл шілдедегі көрсеткіштен 2,8 пайыз жоғары.

Соның нәтижесінде бір айдағы бос жұмыс орындары мен түйіндемелер арасындағы айырмашылық 2,5 еседен астам қысқарды. Шілдеде бұл айырмашылық 36,6 мың болса, тамызда 13,6 мыңға дейін азайды.

Жалпы 2026 жылдың басынан бері Enbek.kz платформасында 840,6 мың бос жұмыс орны және 1 022,4 мың түйіндеме орналастырылған.

Тамызда ең көп бос жұмыс орны білім беру саласында тіркелді – 61 мың. Бұл жаңа оқу жылы қарсаңында мамандарға деген сұраныстың артқанын көрсетеді.

Сонымен қатар бос жұмыс орындары қызмет көрсету, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі, ауыл, орман және балық шаруашылығы, құрылыс салаларында да көп болды.

Өңірлер бойынша ең көп бос жұмыс орны Астана мен Алматыда жарияланған – әр қалада шамамен 10 мыңнан.

Тамыздағы бос жұмыс орындарының 46,6 пайызы жоғары білікті мамандарға, 33,1 пайызы орта білікті мамандарға, 20,3 пайызы төмен білікті жұмысшыларға арналған.

Ал жұмыс іздеушілер орналастырған түйіндемелердің 46,5 пайызы жоғары білікті, 35,5 пайызы орта білікті, 18 пайызы төмен білікті мамандарға тиесілі.

Жұмыс іздеушілердің арасында 35 жасқа дейінгі азаматтар басым. 35–44 жастағылардың үлесі – 25,8 пайыз, 45–54 жастағылар – 14,6 пайызы, ал 55 жастан асқандар – 6,7 пайыз.

Түйіндемелердің 60,6 пайызын әйелдер, 39,4 пайызын ерлер орналастырған.

Өткен айда Enbek.kz платформасында 1 млн теңгеден жоғары жалақы ұсынылған бос жұмыс орындары да болды.

Олардың қатарында тау-кен өндірісіндегі ауысым бастығының жалақысы шамамен 2,06 млн теңге, киберқауіпсіздік маманы  2 млн теңгеге, ал кеніш директорының жалақысы  1,63 млн теңгеге жуық болды. Ал жалақы бойынша ең жоғары талаптар әкімшілік бөлім басшыларында шамамен 2,02 млн теңге, жаңа өнімдерді әзірлеу жобаларының жетекшілерінде 1,84 млн теңге, сату жөніндегі шеберлерде 1,75 млн теңге деңгейінде тіркелді.

Жалпы Электрондық еңбек биржасындағы деректер еліміздегі жұмыс күшіне деген сұраныстың салалар, мамандықтар мен өңірлер бойынша кең екенін көрсетеді.

Цифрлық платформа жұмыс берушілерге бос жұмыс орындарын жедел жариялауға, ал азаматтарға өз білімі мен тәжірибесіне сәйкес жұмыс табуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда қандай мамандарға 2 млн теңгеден жоғары жалақы ұсынылады: жаңа деректер жарияланды

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram