jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Жұлдыз Кенжегалиева
Жұлдыз Кенжегалиева
Қазақ редакциясының басшысы

"Жұмысқа шақырады": Алматы облысында қандай мамандар тапшы

Ноутбукпен жұмыс істеп отырған адам
Ноутбукпен жұмыс істеп отырған адам. Иллюстрациялық фото: pexels.com

Алматы облысының әкімдігі жастарды жұмысқа шақыруда. Алайда мемлекеттік қызметке университетті үздік бітіргендер ғана орналаса алады. Биыл 24 жас маман жұмыспен қамтылған. Бүгінде аймақта қандай мамандар тапшы екенін "КТК" тілшісі біліп қайтты.

Жасмин Темірғалиқызы — университетті үздік бітіргендердің бірі. Ол оқуын аяқтай сала қайда жұмысқа орналасамын деп бас қатырмаған. Әлеуметтік желіден Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің "жастарды жұмысқа қабылдаймыз" деген жарнамасын көріпті. Сөйтіп қолына дипломын алған бойда Боралдай ауыл әкімдігіне жұмысқа тұрады.

"Қазір Боралдай ауданында экономист болып жұмыс істеймін. Бұл мамандық маған ұнайды. Мұнда жүргеніме бір аптаға жуық болды. Әріптестерім өте жақсы, мейірімді адамдар", - дейді Жасмин Темірғалиқызы.

Аружан Сұлтанмұратқызы жұмысқа енді орналаспақ. Оған мұндай мүмкіндік барын ұстаздары айтыпты. Әкімдікте еңбек етіп, халқыма пайдамды тигізу бала күннен бергі арманым, дейді ол.

"Бос жұмыс орындарының ішінде экономист, салық саласындағы да заңгер мамандығы бос болды. Менің арманым және ұнайтын сала ретінде, біліміме жақынырақ болатын заңгер саласына өтуді жөн көрдім. Менің GPA-ім 3,69 болғандықтан, осы салаға тестілеусіз, байқаусыз қабылданбақпын", - дейді Аружан Сұлтанмұратқызы.

Алматы облысының әкімдігі дәл осындай жас қызметкерлерді жұмысқа шақырады. Әсіресе мұнда ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласының мамандары жетіспейді екен.

"2026 жылы бірінші тоқсанында 204 бос лауазым болатын болса, екінші тоқсанында 110 бос лауазым боп тәмамдадық. Енді үшінші тоқсанда осы бос лауазымдардың жартысынан көбісін осы GPA балымен толықтырсақ деген ойдамыз. Жас түлектерді осы мемлекеттік қызметке келуін біз ұйымдастырып отырмыз. Ол кісілерге бір жыл мүмкіндік беріледі. Диплом алған күннен бастап бір жыл көлемінде тестілеусіз, біздің келісімімізбен мемлекеттік қызметке тұра алады. Жыл басынан бері 24 маманды жұмысқа орналастырдық", - дейді Қазақстан мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Мадияр Исебаев.

Елге еңбек еткісі келген жастар облыс орталығы мен аудан, ауылдарда қызметке орналаса алады. Ол үшін мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне бару керек.

Дереккөз: "КТК" арнасы

"Жұмысқа шақырады": Алматы облысында қандай мамандар тапшы

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram