Жұмыссыздар алимент төлеуден босатыла ма
Жарияланған күні:
Читать на русском
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сот орындаушысы Дәурен Оңласын "жұмыссыздар алимент төлеуге міндетті ме" деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Дәурен Оңласынның сөзінше, Қазақстанда ресми жұмыс істемейтіндер алимент төлеу міндетінен босатылмайды.
"Қазақстан Республикасының "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңына сәйкес, табыс болмаған жағдайда қарыз Қазақстан Республикасындағы орташа жалақы есебімен есептеледі. Сондықтан борышкердің "Мен ресми түрде еш жерде жұмыс істемеймін, сондықтан алимент төлемеймін" деген ұстанымы заң жүзінде негізсіз", - деді спикер.
Оның айтуынша, алимент өндіру туралы сот актісін орындамағаны үшін борышкер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаған жағдайда қолданылады.
"Алимент ұзақ уақыт төленбесе, Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік туындайды. Егер ата-ана үш айдан астам уақыт алимент төлемесе, оған 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыс тағайындалуы, бас бостандығы шектелуі немесе 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 430-бабы да қолданылуы мүмкін", - деп түйіндеді сөзін Дәурен Оңласын.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2425847-zhumyssyzdar-aliment-toleuden-bosatyla-ma/
