"Бомба", "жарылыс", "террорист": Көлік министрлігі ұшақ жолаушыларына үндеу жасады
Жарияланған күні:

Көлік министрлігі ұшақ жолаушыларын авиацияда қауіпті сөздерді айтудан аулақ болуды ескертті. Оларға "бомба", "жарылыс", "террорист", "қару", "басып алу" сынды сөздер жатады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, күнделікті өмірде кейбір сөз жай ғана әңгіме барысында немесе әзіл ретінде айтылуы мүмкін. Алайда ұшақ бортында олардың мағынасы мүлдем басқаша қабылданады.
"Авиацияда "бомба", "жарылыс", "террорист", "қару", "басып алу" сияқты сөздер және басқа да осыған ұқсас мәлімдемелер қауіпсіздікке төнген қатерді білдіруі мүмкін. Ықтимал қауіп туралы кез келген ақпаратқа барынша байыппен қаралады, ал экипаж бен авиациялық қауіпсіздік қызметтері белгіленген рәсімдерге сәйкес әрекет етуге міндетті", - делінген хабарламада.
Мысалы Алматы – Ақтау бағытындағы рейсінде жолаушылардың бірі "бомба" деген сөз айтқан. Оқиғаға дереу авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері мен көліктік полиция қызметкерлері тартылып, ер адам рейстен түсірілді.
Нәтижесінде рейс екі сағатқа жуық кеш ұшқан.
"Бұл шамадан тыс реакция сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ авиация саласында олай емес. Экипаж мұндай сөздің әзіл, абайсызда айтылған сөз немесе нақты қауіп туралы ақпарат екенін бірден анықтай алмайды.
Сондықтан осындай кез келген мәлімдеме жасалған жағдайда авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету рәсімдері дереу іске қосылады: әуе кемесі мен багаж тексеріледі, арнайы қызметтер тартылады, қажет болған жағдайда жолаушылар эвакуациялануы немесе әуежайдың жекелеген аймақтарына кіру шектелуі мүмкін", - дейді министрлік өкілдері.
Нәтижесінде әуе кемесін немесе экипажды ауыстыру, рейсті кейінге қалдыру және жолаушыларға қайта қызмет көрсету қажеттілігі туындауы мүмкін. Мұның барлығы әуе компания мен әуежай үшін қосымша шығындарға әкеледі.
Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 273-бабына сәйкес терроризм актісін жасауға дайындалып жатқаны туралы жалған хабарлама жасағаны үшін айыппұл, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығын шектеу жазасы көзделген.
Ұшақта және әуежайда себепсіз бомба, жарылғыш зат, қару, тапанша, террористер, терроризм актісі, әуе кемесін басып алу туралы, сондай-ақ жолаушыларға немесе экипажға зиян келтіру ниеті, багажда немесе қол жүгінде қауіпті заттардың бар екені туралы сөздер айтуға және мұндай тақырыпта әзілдеуге болмайды.
Мұның "әзіл ретінде" немесе шын ниетпен айтылғаны маңызды емес. Егер айтылған сөз ықтимал қауіптің бар екенін көрсетсе, авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері оған тиісті деңгейде ден қоюға міндетті.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2426175-bomba-zharylys-terrorist-kolik-ministrligi-ushaq-zholaushylaryna-undeu-zhasady/
