jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз

Джеки Чанның қамшысы мен су жаңа Changan автокөлігі кімге бұйырады: "Хабарда" "Жекпе-жек айтыстың" жаңа маусымы

"Жекпе-жек айтыстың жаңа маусымы
"Жекпе-жек айтыстың жаңа маусымы. Фото: "Хабар" агенттігі

12 қыркүйек күні сағат 14:30-да "Хабар" телеарнасында еліміздің мәдени өміріндегі ауқымды жобалардың бірі – "Жекпе-жек Айтыстың" екінші маусымы басталады. Бұл жолы да аламанға еліміздің ең таңдаулы 16 ақыны шығады, деп хабарлайды агенттік.

Алғашқы маусымның табысты жолын жалғайтын бұл кезең бұрынғыдан да тартысты, бұрынғыдан да әсерлі өтпек. Жаңа маусымда ұтымды сөз, орамды ойымен елді ұйытқан нағыз дүлдүлдер бас қосады.

Өткен маусымда көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленіп, желіде рекордтық қаралым жинаған Мақсат Ақанов тағы да жыр додасына оралса, көрерменнің көзайымы Айым Алтынбекқызы сөз сайысының көркін қыздырмақ. Күні кеше VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ұйымдастырылған қазақ-қырғыз халықаралық айтысында бас жүлде иеленген Мейірбек Сұлтанхан, Жайықтың аруы Жансая Мусина мен айтыстың хас шеберлері Дидар Қамиев, Аспанбек Шұғатаев, Иран-Ғайып Күзембаев та бұл жолы сахна төрінен табылады.

Ал көптен бері үлкен додалардан көрінбей кеткен, айтыстың сұлуы Бибігүл Тлеболдинова сахнаға қайта оралуы өнерсүйер қауым үшін нағыз тосынсый болмақ.

Биылғы маусымның тағы бір үлкен жаңалығы – жеңімпазға бұйыратын ерекше жүлде. Бас бәйге – "Astana Motors" компаниялар тобына кіретін Changan Kazakhstan дистрибьюциясы ұсынған су жаңа Changan автокөлігі.

Сөз бәсекесінің биылғы маусымы еліміздегі ірі "Magnum" компаниясының қолдауымен көрерменге жол тартады.

Темір тұлпардан бөлек, жеңімпазға алтын жалатылған қамшы табысталады. Белгілі шебер Асқат Бозымбайдың айтуынша, мұндай бірегей қамшының әлемде тек екі данасы ғана бар. Оның бірі әлемдік кино жұлдызы Джеки Чанда болса, екіншісі дәл осы «Жекпе-жек айтыстың» жеңімпазына бұйырмақ.

Бұл додада бақ сынайтын 16 жүйріктің қай-қайсысы да осал емес. Алайда бас жүлде біреу, ол тек сөз додасында оза шапқан хас жүйрікке ғана табысталады. Жобада кімнің бағы жанып, кімнің бабы келісетінін, темір тұлпар мен алтын қамшы кімнің қанжығасында кететінін білгіңіз келсе, "Жекпе-жек Айтыс" жобасын өткізіп алмаңыз!

12 қыркүйек, сағат 14:30-да "Хабар" телеарнасында.

Джеки Чанның қамшысы мен су жаңа Changan автокөлігі кімге бұйырады: "Хабарда" "Жекпе-жек айтыстың" жаңа маусымы

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram