jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз

"Гүлдер әлемі" қалалық фестивалінде "Менің Ақтөбем" байқауының жеңімпаздары марапатталды

фестиваль
Фото: Ақтөбе қаласының әкімдігі

Ақтөбеде табиғаттың сұлулығын дәріптеп, қаланы көгалдандыру мен абаттандыруға үлес қосатын жандарды біріктірген дәстүрлі "Гүлдер әлемі" қалалық фестивалі өтті. Шара аясында ең үздік аулалар мен абаттандырылған аумақтарды анықтаған "Менің Ақтөбем" байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Соңғы 4-5 жылдан бері Ақтөбеде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан "Гүлдер әлемі" фестивалі биыл да қала тұрғындары мен ұйымдардың үлкен қызығушылығын тудырды. Биылғы шараға 62 ұжым қатысты.

фестиваль
Фото: Ақтөбе қаласының әкімдігі

Олардың қатарында гүл салондары мен тәлімбақтар, білім беру және мәдениет ұйымдары, әлеуметтік оңалту орталықтарының ұжымдары бар. Сондай-ақ аула өсімдіктері мен бөлме гүлдерін өсіруді сүйікті ісіне айналдырған ақтөбеліктер де фестивальге өз жұмыстарын ұсынды.

Табиғаттың әсемдігін насихаттап, қоршаған ортаны аялауға үндейтін фестивальдің ашылу салтанатында қала әкімі Азамат Бекет ақтөбеліктерді мерекемен құттықтап, байқау жеңімпаздарын марапаттады.

фестиваль
Фото: Ақтөбе қаласының әкімдігі

"Соңғы 4-5 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан бұл фестиваль Ақтөбенің қоғамдық өміріндегі маңызды шаралардың біріне айналды. Фестиваль қала тұрғындарын табиғатты аялауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырады.

Сонымен бірге биыл екінші жыл қатарынан "Таза Қазақстан" акциясы аясында қаламызды көркейтуге бағытталған "Менің Ақтөбем" байқауын өткізіп келеміз.

Қалада тазалық пен тәртіп мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бұл байқау да Ақтөбе үшін жақсы дәстүрге айналды. Ең үздік ауланы, ең көркем үйді үлгі ететін байқауға тұрғындар арасында қызығушылық жоғары. Биыл 60-қа жуық адам қатысты. Олардың арасында аула сыпырушылардан бастап, көпқабатты үйлердің тұрғындары мен кәсіпорындардың ұжымдары бар.

Барша қатысушыны құттықтаймын және белсенділіктері үшін алғысымды білдіремін. Ақтөбеміз таза, көрікті, жайлы және жасыл қала болсын", - деді Азамат Бекет.

фестиваль
Фото: Ақтөбе қаласының әкімдігі

"Менің Ақтөбем" байқауы тазалықты сақтап, аумақтарды абаттандыруға және қаланың көркеюіне үлес қосып жүрген тұрғындар мен ұйымдарды ынталандыру мақсатында бес номинация бойынша өтті.

Атап айтқанда, қатысушылар "Көппәтерлі тұрғын үйдің үздік ауласы", "Аумағы абаттандырылған ең үздік ұйым", "Үздік аула сыпырушы", "Көрікті абаттандырылған үздік жеке үй" және "Көппәтерлі тұрғын үйдің үздік басқарушысы" номинациялары бойынша бақ сынады.

фестиваль
Фото: Ақтөбе қаласының әкімдігі

Байқау жеңімпаздарының қатарында өз еңбегімен тұрғындарға үлгі болып жүрген аула сыпырушылар да бар.

"Мен ұзақ жылдар бойы Тәуелсіздік даңғылы, №5 үйде аула сыпырушы болып жұмыс істеймін. Еңбегімнің бағаланып, сыйақымен марапатталғанына қуаныштымын. Қуанышымда шек жоқ", - деді "Үздік аула сыпырушы" номинациясының жеңімпазы Бақыт Каршигин.

Байқауға жеке сектор тұрғындары да белсенді қатысты. Солардың бірі – А.Иманов көшесінің тұрғыны Анастасия Катькалова.

"Жолдасым екеуіміз ауламызға гүлдер мен ағаштардың небір түрін отырғызып, жасыл желекке толы әдемі аумаққа айналдырдық. Осы байқауға қатысып, жүлдеге ие болып отырмын. Егер әр тұрғын өз ауласын абаттандыруға көңіл бөлсе, бұл қаланың дамуына қосылған үлкен үлес болар еді", - деді ол.

Биыл байқаудың 15 жүлдегері ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал ең жоғары жүлде – 1 млн теңге көлеміндегі сыйақы "Көппәтерлі тұрғын үйдің үздік ауласы" номинациясы бойынша қатысқан Ораз Тәтеұлы көшесі, 5А үйінің тұрғындарына бұйырды.

"Гүлдер әлемі" фестивалі мен "Менің Ақтөбем" байқауы – қаланың көркі мен тазалығын арттыруға ғана емес, тұрғындардың туған қаласына деген жанашырлығын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалар. Әрбір гүл егілген аула, абаттандырылған аумақ пен таза көше – Ақтөбені жайлы әрі жасыл қалаға айналдыруға қосылған ортақ үлес.

"Гүлдер әлемі" қалалық фестивалінде "Менің Ақтөбем" байқауының жеңімпаздары марапатталды

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram