Алматы облысында жөндеу жұмыстары аяқталмаған мектепте оқыған бірнеше оқушы ауруханаға түсті
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматы облысында мектепте бояу иісінен уланған болуы мүмкін бірнеше оқушы дәрігерге жүгінді. Ата-аналар оқу кезінде жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне наразылық танытты. Жағдайға қатысты мектеп директоры пікір білдірді, деп хабарлайды Astana TV.
Ата-аналардың айтуынша, құрылыс кезінде тараған шаң мен бояу иісі балалардың денсаулығына әсер еткен.
Телеарна мәліметінше, шілденің соңында басталған жөндеу жұмыстары оқу жылына дейін аяқталмаған. Ата-аналардың айтуынша, құрылысқа қарамастан, балалар мектептің бірінші қабатында сабақ оқып жүрген. Осыған байланысты қауіпсіздік талаптарын тексеруді сұраған. Алайда, олардың сөзінше, бұған рұқсат берілмеген.
"Қызымның сынып жетекшісі хабарласып, басы ауырғанын айтып, үйіне жіберген. Мен оны қарсы алуға барсам, қатты әлсіреп тұр екен. Жолда құлап қалуы мүмкін еді. Оны қайтадан мектепке, медпунктке апардық. Қызым басы айналып, жүрегі айнып, басы ауырғанын айтты. Содан кейін жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлер жағдайын тіркеп, бояуға аллергиялық реакция деген диагноз қойды", - деді ата-ана Айман Токушева.
Жамиля есімді тағы бір ананың айтуынша, осы мектепте оқитын баласы бастапқыда жөтеліп, ауыра бастаған. Суық тиген шығар деп емдегенін айтады.
"Кейін жөтеліне ентігу қосылып, балам тұншыға бастады. Мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын көргеннен кейін, жағдайының соған байланысты болуы мүмкін екенін түсіндім. Өйткені баламның шаңға аллергиясы бар", - дейді ол.
Бүгінде мектептің ескі ғимаратын жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Ата-аналардың айтуынша, соған қарамастан балалар төменгі қабатында оқып жатыр. Алайда мектеп директоры шағымданушылардың уәжін жоққа шығарып отыр.
"Екі корпустың қосылған жерінен біз оқшаулап, есігін жауып тастағанбыз. Олар жөндеумен айналысып жатыр. Біз оқу процесімен айналысып жатырмыз. Бүгін балалар сабақта қалыпты жағдайда отыр. Дәл осы 7 бала келді бүгін. Өзіміздің педиатрымыз және бас дәрігер келіп, бақылауда ұстап отыр", - дейді мектеп директоры Гүлжахан Кенизбаева.
Ата-аналар денсаулығына байланысты сабаққа қатыса алмай жүрген оқушылар үшін қашықтан оқу мүмкіндігін қарастыруды талап етуде.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2428200-almaty-oblysynda-zhondeu-zhumystary-aiaqtalmagan-mektepte-oqygan-oqushylar-auruhanaga-tusti/
