Ақтөбеде көпқабатты үйлердің жылыту маусымына дайындығы жалғасуда
Жарияланған күні:

Ақтөбеде ПИК (КСК), МИБ (ОСИ) және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқаратын өзге де ұйымдардың төрағалары алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлады Ақтөбе әкімдігі.
Қала әкімі Азамат Бекет бірқатар көппәтерлі тұрғын үйді аралап, қазандықтар мен жертөледегі жылу жүйелерін жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Сол үйлердің бірі — Алтын Орда көшесі, 101Б мекенжайындағы үй. Мұнда 218 пәтерді жылумен қамтамасыз ететін екі қазандықтың біріне үйді басқарушы ұйым тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылыту маусымында қазандықтардың бірінде микрожарықтар пайда болып, істен шыққан. Осыған байланысты тұрғындар қыс мезгілін бір ғана қазандықпен өткізуге мәжбүр болған.
"Бізде 218 пәтерді жылумен қамтамасыз ететін екі қазандық бар. Өткен қыста оның бірінде микрожарықтар пайда болып, істен шықты. Жылыту маусымын жалғыз қазандықпен өткізуге тура келді. Қазір оны жөндеу үшін "Акватория" ЖШС-мен келісімшарт жасадық. Сонымен қатар екінші қазандықтың ішін шаю үшін арнайы реагенттер алып жатырмыз.
Алдағы уақытта мәселе қайталанбауы үшін мамандандырылған ұйымдармен келісімшарт жасадық. Қазандыққа "Аквомонтаж" ЖШС қызмет көрсетеді, ал "Акватория" ЖШС жылу пункттеріне қызмет көрсетеді. Әр жертөледе алты жылу пункті бар", — деді "ЖК 101Б" ОСИ төрайымы Салия Ақышева.
Қала әкімі сондай-ақ жертөле бөлмелеріндегі жылу жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан бірқатар үйді аралады.
12-шағын аудандағы №56 үйге қызмет көрсететін "Жанабек сервис" КСК төрағасы Кенен Жанабековтің айтуынша, жертөледегі инженерлік желілер жөнделгенімен, тұрғындар пәтерлеріндегі жылу жүйесін қысқа дайындамаса, барлық жұмыс зая кетеді.
"Біздің ПИК (КСК) сегіз көппәтерлі үйге қызмет көрсетеді. Биыл барлық үйіміздің жылу жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізіп жатырмыз. Күн суытқанға дейін жұмыстарды аяқтап, жылуды уақытында беруді жоспарлап отырмыз. Былтыр қыс мезгілінде осы үйде жылуға қатысты мәселе туындаған болатын.
Тұрғындар да өз пәтерлеріндегі жылу жүйелеріне уақытылы қызмет көрсетуі қажет. Жылдар бойы қаралмай келе жатқан құбырларды ретке келтіріп, ең алдымен перемычкаларды орнатып, крандарды ауыстыру керек. Сонымен қатар шойын батареяларды міндетті түрде жуып-тазалау қажет. Кейбір тұрғындар бұл жұмыстардың ешқайсысын орындамайды. Ал қыс мезгілінде пәтерлеріне жылу бармай қалса, мәселені бізден көреді", — деді Кенен Жанабеков.
Азамат Бекет басқарушы ұйымдарға тұрғындармен бірлесіп, дайындық жұмыстарын жеделдетіп, үйлерді жылыту маусымына толық дайындауды тапсырды.
"Қала бойынша 2100 көппәтерлі тұрғын үй бар. Бүгінгі таңда оның 1055-і дайындық паспортын алды. Жылыту маусымына санаулы ғана уақыт қалды. Күн күрт суытып кетсе, үлгермей қалуларыңыз мүмкін. Сондықтан жұмысты жеделдетіңіздер", — деді Азамат Бекет.
Тұрғын үй қорын алдағы жылыту маусымына дайындау жұмыстары бақылауда.
"2100 көппәтерлі тұрғын үйдің 1556-сы Aqtobe su-energy group АҚ орталықтандырылған жылу жүйесіне қосулы. Ал 544 үй жеке қазандықтар, "Протерн" газ қондырғылары арқылы жылытылады. Қазір 18 үйдің тұрғындары өз қаражаты есебінен үйлерінің жылу құбырларына күрделі жөндеу жүргізді. 30 үйдің жертөлесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тағы 18 үйдің инженерлік желілері терможаңғырту аясында жөнделді", — деді тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ақнұр Қазбаева.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2428572-aqtobede-kopqabatty-uilerding-zhylytu-mausymyna-daiyndygy-zhalgasuda/
