jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз

Yandex Qazaqstan, Astana Hub және Alem.ai Foundation жасанды интеллект пен машиналық оқыту мамандарын даярлайтын бағдарламаны іске қосады

ML School Kazakhstan
Фото: Яндекс

Yandex Qazaqstan, Astana Hub және Alem.ai Foundation ML School Kazakhstan – машиналық оқыту және жасанды интеллект саласының мамандарын даярлауға арналған екі жылдық бағдарламаны іске қосады. Бағдарлама түлектері технологиялық секторға арналған шешімдер әзірлей алады. Оның ішінде классикалық машиналық оқыту жүйелерімен қатар нейрондық желілер, компьютерлік көру жүйелері және LLM технологиялары бар.

Алғашқы оқу легіне қабылдау нәтижесі бойынша 35 қатысушыға дейін қабылданады. Олар үшін оқу тегін. Бағдарлама IT, математика және техникалық бағыттарда білім алып жүрген студенттер мен осы салаларда жұмыс істейтін, дайындық деңгейі жоғары мамандарға арналған. Өтінімдерді 2026 жылғы 8 қазанға дейін беруге болады.

Оқу Астанадағы Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығының базасында офлайн форматта – аптасына 2-3 рет, үш сағаттан өтеді. Бағдарламаның негізгі мазмұны Yandex-тің Деректерді талдау мектебінің (ШАД)  академиялық тәжірибесі мен әдістемесі негізінде әзірленген.

Бағдарламада математика, статистика, алгоритмдер және машиналық оқыту бойынша іргелі білім беріледі. Сонымен қатар заманауи технологиялар – нейрондық желілер, компьютерлік көру, генеративті жасанды интеллект және табиғи тілді өңдеу бағыттары оқытылады. Дәрістер мен семинарларды Yandex сарапшылары, техникалық жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ машиналық оқыту және жасанды интеллект саласындағы зерттеушілер жүргізеді.

Теориялық біліммен қатар қатысушылар оны практикада қолдануды үйренеді. Мысалы деректермен жұмыс істеу, ML-модельдерді оқыту және бағалау, компьютерлік көру мен NLP міндеттерін талдау, сондай-ақ ML-жүйелерді әзірлеу және енгізу тәсілдерімен танысу қарастырылған.

Бағдарламаның практикалық бөлігі Yandex және елдегі басқа да технологиялық компаниялардың ML-мамандарымен кездесулерді қамтиды. Студенттер нақты жүйелердің мысалдарын талдап, олардың архитектурасымен, жұмыс логикасымен және техникалық шешімдерімен танысады. Бұдан бөлек бағдарлама аясында қатысушылар қолданбалы және зерттеу сипатындағы мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін жобалық жұмыстарға қатысады.

ML School Kazakhstan бағдарламасына іріктеу екі кезеңнен тұрады: онлайн-тестілеу және офлайн сұхбат. Бірінші кезеңде үміткерлер математика және бағдарламалау бойынша тапсырмаларды орындайды. Нәтижесі жоғары қатысушылар сұхбатқа шақырылады. Іріктеу кезінде сызықтық алгебра, алгоритмдер, статистика және математикалық талдау бойынша білім деңгейі ескеріледі.

Негізгі бағдарламаны аяқтаған түлектерге ML School оқуын аяқтағаны туралы сертификат беріледі. Сонымен қатар бағдарлама қатысушыларының қосымша Деректерді талдау мектебінің (ШАД) кейбір курстарын оқу мүмкіндігі болады.

"Alem.ai базасында ML School-дың құрылуы – Қазақстанның Еуразиядағы жасанды интеллектіні дамыту бойынша жетекші орталықтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтудағы маңызды қадам. Біз бәсекеге қабілетті технологияларды жасап, елдің цифрлық болашағын айқындайтын жаңа буын мамандарын даярлауға күш салудамыз. Мұндай бағдарламалар Қазақстанның адами капиталын одан әрі дамытуға негіз қалыптастырып, талантты инженерлер мен зерттеушілерді тартуға мүмкіндік береді", - деді Astana Hub бас директоры, Магжан Мадиев.

"ML School аясында біз индустрия көшбасшыларының тәжірибесі мен сараптамасын біріктіріп, айрықша дарынды таланттардың әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект шешімдерін әзірлей алатын, бүкіл технологиялық салаға жаңа стандарт қалыптастыратын жоғары білікті инженерлер ретінде қалыптасуына қолдау көрсетеміз", - деді Alem.ai Foundation бас директоры, Адина Магавина.

Yandex Qazaqstan, Astana Hub және Alem.ai Foundation жасанды интеллект пен машиналық оқыту мамандарын даярлайтын бағдарламаны іске қосады

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram