Катонқарағайға жету жеңілдейді: 12 шақырымдық жаңа жол ашылады
Жарияланған күні:

Шығыс Қазақстанда көлік қатынасын жеңілдететін жаңа жол қарашада іске қосылады. Ұзындығы 12 шақырымға жуық Осинов асуын айналып өтетін бағыт қазіргі жолды шамамен 6 шақырымға қысқартып, қыста қозғалысы күрделенетін учаскедегі қауіпсіздікті арттырмақ, деп хабарлайды kazinform.
Бүгінде ұзындығы 12 шақырымға жуықтайтын жолдың негізгі бөлігі дайын. Жолды қараша айының бірінші онкүндігінде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта көпір құрылысын аяқтау ғана қалды.
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа жолға барып, құрылыс барысын тексерді.
"Жаңа жолдағы көпірдің ұзындығы 176 метр, ал биіктігі 45 метрді құрайды. Жолдың тағы бір маңызды ерекшелігі — оның бұрынғы айналма бағытпен салыстырғанда шамамен 6 шақырымға қысқа болуы. Бұл жүргізушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді", - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Осинов асуы — қыста ауа райының қолайсыздығына байланысты көлік қозғалысы күрделенетін учаскелердің бірі. Жаңа жолдың іске қосылуы осы аумақтағы қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, көлік қатынасын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа бағыт Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін дамыту үшін маңызды. Жол пайдалануға берілгеннен кейін демалушылар Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарындағы туристік нысандарға қауіпсіз әрі қысқа бағытпен жете алады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2429283-katonqaragaiga-zhetu-zhengildeidi-12-shaqyrymdyq-zhang/
