jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Айтолқын Адырбай
Айтолқын Адырбай
Қазақ редакциясының шеф-редакторы

Өңірдегі ахуал: Ұлытау облысында Жошы мен Алаша хан кесенелеріне апаратын жалғыз жол тұрғындарды қажытты

Жезқазған мен Сәтбаев арасындағы жол
Жезқазған мен Сәтбаев арасындағы жол. Фото: Almaty.tv

Жезқазған мен Сәтбаев қаласын жалғап тұрған тас жолдың жағдайын айтқан тұрғындар жыларман күйге түскен. Діттеген жерге жеткенше жүргізушілердің діңкесі құриды деген жұрт жүк көліктері жиі жүретін облыстық маңызы бар учаскеге күрделі жөндеу жүргізуді сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сәтбаев пен Жезқазған қаласы және Малшыбай ауылы арасындағы күре жолда жеңіл көліктер жүре алмайтын жағдайға жеткен. Жергілікті халықтың айтуынша, облыстық маңызы бар учаскеге бірнеше рет ағымдағы жөндеу жүргізілген. Алайда жол жабындысы 40-50 тонналық жүк көліктерінің салмағына шыдас бермей, опырылып жатыр. Көпшілік алдағы күздің жауын-шашыны мен қыстың қаһарынан ескеріп, алаңдап отыр.

"Соңғы бір айдың көлемінде жол осындай жағдайға жетті, ешкім жөндеп жатқан жоқ. Жеңіл көлік жүре алмайды, мүмкіндік жоқ. Үлкен машиналар ақырын жүріп жатыр", – дейді Сәтбаев қаласының тұрғыны Маратбек Нұрмағамбетов. 

"Жолдың жол дейтін жері жоқ. Көмір тасу басталады, қаншама техника жүреді. Ол Шұбаркөл мен Екі араны байланыстырып тұрған республикалық деңгейдегі жол есептеледі. Негізі жол Жошы ханға, Алаша ханға, мына жақта Дөмбауыл тасы бар, Ерден, Батырдың тасы бар, солардың бәріне осы жол арқылы өтеді", – дейді Малшыбай ауылының тұрғыны Уәли Таев.  

"Енді қалаға қатынап тұрамыз. Аптасына 1-2 рет баратындай жағдай болады. Содан көлікке бұзылады, Қалтамызға салмақ түседі", – дейді Малшыбай ауылының тұрғыны Нұрлан Бегімов.

Бұл — жай ғана ауыл мен қала арасындағы жол емес, Жошы хан мен Алаша хан кесенелеріне апаратын жалғыз бағыт. Облыстық жолға жауапты басқарма өкілдерінің айтуынша, шұңқырлар тағы да қиыршық таспен толтырылған.

"Сәтбаев Малшыбай бағытындағы 022 шақырым қайта қалпына келтіру жұмыстарын аяқтады. Осы 4 күн ішінде бас-аяғы 11 техника жұмыс істеді. Ол жерде езіп кеткен учаскелерге терең шұңқырларға қиыршық тастарды салып, үстінен сондай жұмыстар жасалды", – деп пікір білдірді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Түсіпов.

Ұлытау облысындағы автомобиль жолдарының ұзындығы – 2 711 шақырым. Мұның 961-і республикалық, ал 896-сы облыстық маңызға ие. Ал ойылып кеткен жолдың қашан күрделі жөндеуден өтетіні белгісіз.

Өңірдегі ахуал: Ұлытау облысында Жошы мен Алаша хан кесенелеріне апаратын жалғыз жол тұрғындарды қажытты

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram