Өскеменде үйіне қоқыс жинайтын ер адамнан мезі болған көршілері жанайқайын жеткізді
Жарияланған күні:

Өскеменде үйіне қоқыс таситын көршісінен мезі болған тұрғындар шу шығарды. Қолқаны қапқан иіс пен қаптаған жәндіктер төңіректі түгел жайлаған. Алайда "Плюшкин дертіне" шалдыққан азаматты ешкім тоқтата алмай отыр. Ал өзі көрші-қолаңды әуре-сарсаңға салып қойғанынан бейхабар, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Көзіне көрінген қыл- қыбырды үйіне тасыйтын 62 жастағы азамат көрші-қолаңды әуре-сарсаңға салған. Төңірегіне тараған жағымсыз иістен жұрт емін-еркін тыныстаудан қалған. Оның үстіне, жақын маңдағы баспаналарды қоңыз бен кеміргіштер жайлай бастапты. Тұрғындар егде жаста ерсілік танытқан азаматтан құтыла алмай әлек.
"Мен қазір қорқып өмір сүріп отырмын. Құдай сақтасын, өртеніп кетеуіміз мүмкін! Кәмелетке толмаған үш балам бар. Ертең далада қалсақ, қайда барамыз? Ол үйінің ауласы тұрмақ, баспанасын қоқысқа толтырып тастаған", - дейді Мария Бригинец.
Жұрт тұрмыстық қалдық жинауға құмар азаматты тезге салу үшін талай мекеменің табалдырығын тоздырғанымен, ешқандай өзгеріс болмаған. Тек екі жыл бұрын белсенділер ауласын қоқыстан тазартуға ат салысыпты. Содан бері төңіректегі күл-қоқыс көлемі азаймақ түгілі, керсінше, көбейген. Ал өзі не істеп жүргенін білмейді.
Әкімдіктегілер ауланы тазартуға уәде берді. Атқамінерлер қалдықты шығару үшін техника бөліп, жергілікті жастарды жұмылдырды.
"Өскемен жастары осы іске ат салысып жатырмыз. Қазір екі КамАЗ қоқыс шығыралды. Осы жердің тұрғындарынан көп жыл бойы шағымдар түскен. Осы кісінің кесірінен айналаның барлығы қоқысқа толған екен. Қазір жұмыс атқарылып, қоқыстан тазартылып жатыр", - дейді Өскемен қаласы әкімінің баспасөз өкілі Мәдина Мұратханова.
Тұрмыстық қалдық жинайтын дертке шалдыққан адамды емдеу мүмкін емес екен. Сондықтан мамандар тек оны бақылауға алмақ ниетте. Ал тұрғындар жағымсыз иіс пен күл-қоқыстың ортасында күн кешеміз бе, деп уайымдап отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2436208-oskemende-uiine-qoqys-zhinaityn-er-adamnan-mezi-bolgan-korshileri-zhanaiqaiyn-zhetkizdi/
