"Таңды атырсақ деп тілейміз": Ұлытау облысында 60-қа жуық отбасы апатты үйде тұрып жатыр (видео)
Жарияланған күні:

Ұлытау облысының Сәтбаев қаласындағы әбден тозығы жеткен көпқабатты үй қирап қалудың алдында тұр. Тұрғындардың айтуынша, Наурыз көшесіндегі баспана екі жыл бұрын ресми түрде апатты деп танылған. Алайда өтемақы мәселесі әлі шешімін таппаған. Қабырғалары жарылған үй тағы бір қыстың қаһарына шыдас бермеуі мүмкін деп алаңдайды тұрғындар, деп хабарлайды Almaty.tv.
1974 жылы салынған үй әбден ескірген. Қабырғалары қақырап, жарықтары күн сайын ұлғайып барады. Мұнда тұратын тұрғындар баспананың жағдайына алаңдап, қауіпсіз жерге көшіруді сұрап отыр.
"Кешке жатқанда аман-есен таңды атырсақ екен деп тілейміз. Бұл үйге қатысты құжат 2024 жылы берілді. Ендігі сұрайтынымыз – бізді қауіпсіз жерге көшіріп, баспанамен қамтамасыз етсе екен. Осындай шешім күтіп отырмыз", – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Рашида Тұқаева.
Тұрғындар әсіресе алдағы қысқа алаңдайды. Олардың айтуынша, жарылған қабырғалар жылуды ұстамайды әрі аяз кезінде үйдің жағдайы одан әрі нашарлауы мүмкін. Сондықтан жауапты органдардан нақты шешім қабылдап, қауіптің алдын алуды сұрайды.
"Екі жыл болды үй жалдап жүрміз. Бұл үйде тұруға мүмкіндік жоқ, әсіресе қыста өте қиын. Қабырғалардың бәрі тесіліп, жарылып жатыр. №150 үйдің екінші және үшінші кіреберістерінің ортасы майысып барады. Әкімдіктен көмек сұраймыз. Не баспана берсін, не өтемақы төлесін", – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Сәтбай Сералин.
Қалалық әкімдік мамандары тұрғындармен сөйлесіп, баспананың қазіргі жағдайымен танысқан. Олардың айтуынша, мәселені жан-жақты зерделеу үшін арнайы комиссия құрылмақ. Сәтбаев қаласында бүгінге дейін 28 апатты және 223 тозығы жеткен үй тіркелген.
"Нақты осы үйге қатысты қазіргі таңда комиссия құрылған жоқ. Сондықтан әзірге ақпарат бере алмаймын. Арнайы комиссия құрылып, оның шешімі қосымша хабарланады. Комиссияны осы аптаның соңына дейін құру жоспарланып отыр. Келесі аптаның басында қорытындысын айтамыз", – деді Сәтбаев қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлмира Нұрманова.
2024 жылы апатты деп танылған үйде 60-қа жуық отбасы тұрып жатыр. Көшіп кетуге әлеуметтік жағдайы келмейтін тұрғындар баспананың жағдайына алаңдап, қауіпсіз жерге көшіру мәселесінің тезірек шешілгенін қалайды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2436892-tangdy-atyrsaq-dep-tileimiz-ulytau-oblysynda-60-qa-zhuyq-otbasy-apatty-uide-turyp-zhatyr-video/
