Қазақстанда оқушылардың амандасу әдебі: арнайы топ ұсынымдар әзірлеп жатыр
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстанда оқушылардың амандасу әдебі бойынша ұсынымдар әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды оқу-ағарту министріне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Ерлан Саировтың қазақстандық оқушылардың амандасу әдебіне қатысты депутаттық сауалына жауап берді.
"Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ғалымдар, сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдерінен жұмыс тобын құрды. Білім алушылардың амандасу әдебіне байланысты әдістемелік ұсынымдар әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аталған ұсынымдардың мазмұнында білім беру процесіне қатысушылардың, мүдделі тараптардың, мемлекеттік органдардың ұсыныстары мен пікірлері ескерілетінін және депутаттармен қосымша талқыланатынын атап өтеміз", - деді оқу-ағарту министрі.
Сондай-ақ Жұлдыз Сүлейменова бұған дейін мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес, "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленгенін атап өтті. Оның аясында да білім алушылардың бойында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыруға, мәдени мінез-құлық пен әдеп нормаларын сақтауға, жауапкершілік пен өзара құрметті дамытуға бағытталған жүйелі тәрбие жұмысы жүргізіліп жатыр.
"Қазіргі уақытта бағдарлама республикадағы барлық 20 877 білім беру ұйымында (12 066 мектепке дейінгі ұйымда, 8 048 мектепте және 763 колледжде) оқу және сабақтан тыс тәрбие жұмыстары, сынып және курс сағаттары аясында жүзеге асырылуда", - деп қосты министр.
Оның айтуынша, бұл ретте, білім алушылардың амандасу әдебін қалыптастыру мәселесі – ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеу, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, өзара сыйластық пен әдептілік құндылықтарын орнықтыру тұрғысынан өзекті болып табылады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2441425-qazaqstanda-oqushylardyng-amandasu-adebi-arnaiy-top-usynymdar-azirlep-zhatyr/