jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Айтолқын Адырбай
Қазақ редакциясының шеф-редакторы

Баға екі есеге қымбаттады: Ақтөбеде колледж төңірегінде дау шықты

Ақтөбедегі колледж студенттері
Ақтөбедегі колледж студенттері. Кадр: Almaty.tv

Ақтөбедегі жекеменшік колледждердің бірі оқу ақысын күрт өсіріп жіберген. Осылайша бір жылдық оқу құны 600 мың теңгеге дейін жетіпті. Мұндай жағдайға ата-аналар мен студенттер наразылық танытып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқу жылы басталмас бұрын студенттер мамандығын таңдап, оқу орнымен келісімшарт жасасқан. Алайда бірнеше айдан кейін төлем сомасы өзгеріпті. Қазан айының басында Ақтөбедегі колледждердің бірі студенттер мен ата-аналарға оқу ақысының көтерілгені туралы хабарлама жіберген. Жаңа тариф бойынша бір жылдық оқу құны 600 мың теңгеге жуықтапты. Бұл бұрынғы бағадан екі есеге жуық қымбат. Мұндай өсім ата-аналадың қалтасына салмақ салып отыр.

"Олар оқуға қажетті жабдықтар мен басқа да материалдар сатып алу керек екенін, мұғалімдердің жалақысын көтеретінін, инфляцияны алға тартады. Бірақ инфляция деңгейі – 9,8 пайыз, ал бізде баға 93 пайызға өсті. Біз мұнымен келіспейміз. Оқу ақысын 93 пайызға көтерген болса, онда шығындардың барлығын көрсетіп, нақты негіздеп берсін", – деді студент Динара Қойшығұлова.

Қаржылық мәселеден бөлек, тарқамай тұрған тағы бір түйін бар. Ата-аналардың айтуынша, балалар колледжге түскенде таңдаған мамандығының өзі күмән тудырған. Жиналғандардың сөзінше, білім беру бағыттарының атауы бірнеше рет өзгеріпті. Соның салдарынан студенттер қандай мамандықты меңгеріп жатқанын және оқу бітіргенде қандай диплом алатынын түсінбей отыр.

"Бірінші курсқа 300 мың теңгемен түстік, екінші курста 370 мың болды. Биыл үшінші курста 550 мың теңге төлейтін болдық. Оқуға түскен кезде "акушерлік іс" мамандығын таңдадық. Кейін ол жоқ, "стоматологияға" барасыңдар деді. Оған да келістік. Оқу басталғаннан кейін, "емдеу ісі" мамандығында оқитынын айтты", - дейді студенттің анасы Жансая Дауылбаева.

Колледжде қазір шамамен бір жарым мың студент білім алады. Ал оқу орнының басшылығы бағаның өсуін экономикалық себептермен байланыстырып отыр. Колледж жекеменшік болғандықтан, барлық шығынды өзі өтейді дегенді алға тартуда.

"Көтеріліп жатқаны рас, нарық заманына байланысты жекеменшік колледж болғасын, өзімізді өзіміз қамтамасыз етеміз. Оқуға түскен кезде екі тілдегі келісімшарттың бөлімшелерінде көрсетілген", – деді колледж директорының орынбасары Гүлназ Омарова.

 Ал мамандықтарға қатысты колледж әкімшілігі алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Олардың түсіндіруінше, студенттер бастапқыда таңдаған мамандығы бойынша диплом алады. Сонымен қатар қосымша меңгерген мамандығы да құжатта көрсетіледі. Дегенмен ата-аналар бұл түсіндірмеге қанағаттанбай отыр. Олар оқу ақысының не себепті көтерілгенін ашық түсіндіріп, нақты жауап беруді талап етеді.

Баға екі есеге қымбаттады: Ақтөбеде колледж төңірегінде дау шықты

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram