Тараздағы тұрғын алапта ауқымды балалар ойын алаңшасы ашылды
Жарияланған күні:

Республика күні мерекесіне орай Тараздағы "Құмшағал" алабында жаңа балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Салтанатты ашылу рәсіміне Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
Ерекше атап өтерлігі, аталған алапта бұрын-соңды мұндай ауқымды ойын алаңы болмаған.
Жоба "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. 2021 жылдан бері іске асып келе жатқан бұл бағдарлама тұрғындарға жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысып, өздері тұратын аумақтың дамуына қатысты ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік берді. Биыл осы бағдарлама аясында 4 жоба таңдалып, оларды жүзеге асыру үшін қалалық бюджеттен жалпы сомасы 205 миллион теңге қарастырылған.
Ал келер 2027 жылы аталмыш бағдарлама шеңберінде іріктеліп алынған тағы 8 жоба іске асырылады. Оның ішінде 7 жоба Әулиеата ауданында балалар ойын алаңдарын салуға, ал 1 жоба Жібек жолы ауданындағы саябақты жаңартуға арналған. Алдағы уақытта да тұрғындардың ұсыныстары негізінде аулаларды абаттандыру, балалардың ойнауына және жастардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғаса береді.
Сонымен қатар бүгінде мемлекет басшысының тапсырмалары аясында қала маңындағы алаптардың әлеуметтік-инфрақұрылымдық мәселелерін шешуде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Атап айтқанда, 2023 жылы 6,2 млрд теңгеге "Қызылабад", "Жиделі", "Тектұрмас", "Қарасай", "Шөлдала", "Құмшағал", "Казарма", "28 саяжай" және "Көлтоған" алаптарында су құбырларын тарту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 40 мыңнан астам тұрғын сапалы тіршілік нәрімен қамтылды. Сондай-ақ 2024 жылы "Казарма" алабында 180 орынды, ал 2025 жылы "Шөлдала" тұрғын алабында 600 орынды Келешек мектебі пайдалануға берілді.
Одан бөлек, 2024-2025 жылдары "Құмшағал", "Шөлдала" және "28 саяжай" тұрғын алаптарындағы 320 көшеге қиыршық тасжол төселді.
Тұрғындардың өтініші бойынша жарық мәселесі де шешімін тауып, қоғамдық көліктің де арнайы маршруттары ашылды. Сонымен қоса 2024 жылы "Құмшағал" алабында заманауи спорт кешені салынса, өткен жылы 140 орынға арналған мәдениет үйі бой көтерді.
Ең бастысы қаланың бас жоспарында шаһар маңындағы алаптардың әлеуетін арттыру бағыты нақты айқындалған. Ал оны кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асыру – қала әкімдігінің күнделікті назарында.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2441758-tarazdagy-turgyn-alapta-auqymdy-balalar-oiyn-alangshasy-ashyldy/