jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Айтолқын Адырбай
Қазақ редакциясының шеф-редакторы

"Масаққа шығып, күнін көріп жүр": Алматы облысында акушер-гинекологтар екі айдан бері жалақы алмаған

Есік қаласындағы перзентхана қызметкерлері
Есік қаласындағы перзентхана қызметкерлері. Кадр: КТК арнасы

Алматы облысындағы перзентханада қызметкерлер екі айдан бері айлық алмағанын айтып, жанайқайын жеткізді. Аталған жайтқа мекеме басшылығы пікір білдірді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Алматы облысы Есік қаласы №1 перинаталдық орталығы 30 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Мұнда 250-ге жуық маман қызмет етеді, күнінен шамамен 20 әйел босанады.

Сәулеш Галфай мұнда 20 жылдан бері акушер болып жұмыс істейді. Қаншама нәрестенің дүниеге аман-есен келуіне ат салысқан маман екі айдан бері жалақы алмадық деп отыр. Соның кесірінен қарызға батқан.

"Айлығымыз өзі аз еді, азға қанағат тұтып істеп жатқанбыз. Бірақ, міне, бір жарым айдан екінші айға кетіп бара жатыр. Бәріміз кредитте отырмыз. Мен, мысалы, жалғызбасты анамын. Екі бала бағып отырмын. Айлық аз болғандықтан, қосымша да жұмыс істеп жүргенбіз. Әлі күнге дейін істеп жатырмын", - дейді Сәулеш Галфай

Ақшадан тарыққан ақ халаттылардың бірі егістікте масақ терсе, енді бірі қалада автобус жууға мәжбүр. Өйткені бәрінің басында несие бар.

"Қарыздан қарызға кіріп кеттік. Кредитімізді төлей алмай жатырмыз. Пайыздан пайызға кеттік. Бала-шағамызға нан тауып бере алмай жүрміз. Үш күннен бері егістікке шығамыз, бала-шаға күн көре алмай жатыр, шыны керек. 12 мыңға "пятакқа" шығамыз, бала-шағамызға нан тауып береміз. Күндегі ақша күнде кетеді. Жолымызға да ақша жоқ", - дейді мейірбике Жанар Қалдыбаева.

Перзентхана басшысы 250 қызметкеріне жалпы сомасы 187 миллион теңге жалақы берешек екенін растады. Қазір осы мәселені шешу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр дейді.

"Бізде көрсетілген көмекті конкурс арқылы қаражат отырғызылады ғой. Осыған дейін бөлінген қаражат көлемі аз болғандықтан, сәуір айынан бері қарай, осы уақытқа дейін 590 миллион бөлінген. Ол толығымен игерілді. Алдағы уақытта, жыл соңына дейінгі қосымша тағы қаражат сұрап, конкурсқа ұсынған болатынбыз. Енді соның нәтижесін күтеміз", - дейді Есік қаласы  №1 перинаталдық орталығының директоры Дәурен Иманәлиев.

Дәрігерлердің бүгінгі толқуынан соң, орталыққа қаржы бөлетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағылар да апта соңына дейін жалақы беріледі деп уәде берді.

"Есік қаласындағы №1 Перинаталдық орталық қызметкерлеріне жалақы төлеу мәселесін шешу үшін қор тарапынан қосымша қаражат бөлінді, ол жақын күндері төленеді. Жалпы алғанда орталық жоспарда көзделген жоба қуатына шыққан жағдайда, оның қаржы жағдайын жақсарту бойынша бірлескен жұмыс жалғасатын болады", - дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Қыдырбаев.

Дереккөз: КТК

"Масаққа шығып, күнін көріп жүр": Алматы облысында акушер-гинекологтар екі айдан бері жалақы алмаған

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram