23 градусқа дейін жылы, қар: Қазақстанда қарашада ауа райы қандай болады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстанда қарашада ауа температурасы климаттық нормадан 2 градусқа жоғары болады. Астанада қар мен бұрқасын күтіледі, ал Алматыда жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Қазгидромет" РМК-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда қараша әдеттегіден жылы болады деп болжануда. Ел аумағында ауа температурасы климаттық нормадан шамамен 2 градусқа жоғары болады. Күздің соңғы айына арналған болжамды "Қазгидромет" РМК мамандары ұсынды.
Республика аумағының көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шегінде болады. Солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлердің біраз бөлігінде жаңбыр мен қар көп жауады деп болжанып отыр.
Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында, Павлодар облысының басым бөлігінде, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстігінде жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады. Осындай жағдай Ақтөбе облысының солтүстігінде, Алматы облысы мен Жетісу облысының оңтүстік-шығыс жартысында, сонымен қатар Абай облысының солтүстік-шығысы мен оңтүстік-шығысында күтіледі.
Өңірлерде қарашадағы орташа температура 0 және - 5 градус аралығында болады. Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-батысында 1-9 градус жылы, ал оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында 0 және - 5 градус аралығында болады деп күтіледі.
Астанадағы ауа райы
Елордада қарашадағы орташа температура - 3,6 градус болады, ал қалада қалыпты орташа температура - 5,2 градус. Жауын-шашын мөлшері норма шамасында – 29 мм болады деп күтіледі.
Айдың басында күндіз 0-5 градус жылы болады, ал бірінші онкүндіктің соңына қарай ауа температурасы 8 градусқа дейін көтеріледі. Қарашаның соңында күндізгі температура - 8 градус, ал түнде - 15 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Елордада қар, бұрқасын, тұман түсіп және көктайғақ болады деп болжанады. Жел екпіні кей уақытта 15-20 м/с-ке дейін күшейеді.
Алматыдағы ауа райы
Алматыда қарашадағы орташа температура 5,4 градус жылы болады деп күтіледі, бұл нормадан 2,5 градус жоғары. Жауын-шашын әдеттегіден көп болады деп болжануда.
Айдың басында күндіз ауа температурасы 23 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Қарашаның ортасында ауа температурасы -3, +2 градус аралығында болады, ал айдың соңына қарай күндізгі температура қайтадан 10-15 градусқа дейін көтеріледі.
Қалада жаңбыр, қар, тұман және көктайғақ болуы мүмкін. Жел екпіні 15 м/с-ке жетуі ықтимал.
Шымкенттегі ауа райы
Шымкентте қарашадағы орташа температура +8, +7 градус болады, бұл нормадан 6,1 градус жоғары. Жауын-шашын мөлшері норма шамасында – 74 мм болады деп күтіледі.
Айдың басында күндіз температура +22 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Қарашаның ортасында суытады, ал үшінші онкүндікте ауа температурасы +20 градусқа дейін көтеріледі.
Қалада жаңбыр, сулы қар, тұман және көктайғақ болжанады. Жел екпіні кей уақытта 15 м/с-ке дейін күшейеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2443442-23-gradusqa-deiin-zhyly-qar-burqasyn-qazaqstanda-qarashada-aua-raiy-qandai-bolady/