jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз

Ақтөбеде жазулар мен өрнектерді бейнелейтін ерекше цифрлық фонтан сынақтан өткізілді

Фонтаны
Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбеде Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы "Ақтөбе" қонақүйінің маңында цифрлық фонтан сынақ режимінде іске қосылды. Оның ерекшелігі – су ағындары арқылы түрлі өрнектерді, әріптер мен жазуларды бейнелеуге болады.

Фонтан қаланың қоғамдық кеңістігін абаттандыру жұмыстарының алғашқы кезеңі аясында орнатылды.

Қараусыз қалған аумақ қала меншігіне қайтарылды

Қонақүй маңындағы аумақ ұзақ жылдар бойы жеке меншікте болып, қараусыз қалған. Оны қала меншігіне қайтару үшін сот процестері жүргізілді. Биыл жер телімі қаланың меншігіне қайтарылды.

Фонтаны
Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қала әкімі Азамат Бекет бұл аумақты тұрғындардың демалуына арналған қоғамдық кеңістікке айналдыруды ұсынды. Бастаманы "Oil West" компаниясы қолдап, абаттандыру жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізуге кірісті.

Бүгін компания мамандары цифрлық фонтанды сынақ режимінде іске қосты. Қала әкімі Азамат Бекет тұрғындармен бірге жаңа нысанды көріп, компания өкілдеріне алғысын білдірді.

Фонтаны
Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Фонтанды сынақ режимінде қосып көріп жатыр екенсіздер. Өте әдемі, осы орталық даңғылдың бойына жарасымды болды деп ойлаймын. Күн суытқан соң, қыс айларында зақымданбауы үшін оны консервациялау қажет. Сіздерге алғысымыз шексіз. Келесі жылы да осы жұмысты жалғастырып, қонақүйге дейінгі аумақты толық абаттандырып бересіздер деп сенеміз", - деді қала әкімі.

Қонақүйге дейінгі аумақ абаттандырылады

Алдағы уақытта цифрлық фонтаннан қонақүйге дейінгі 0,47 гектар аумақты абаттандыру жоспарланып отыр. Мұнда жасыл желек отырғызылып, суару жүйесі орнатылады. Сонымен қатар өрнекті кеспетас төселіп, жарықтандыру шамдары, орындықтар және тұрғындардың демалуына арналған өзге де саябақ жабдықтары қойылады.

Компания өкілдерінің айтуынша, биыл негізгі жұмыстар фонтанды орнатуға және оның айналасын абаттандыруға бағытталған.

Фонтаны
Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Біз қала әкімі Азамат Бауыржанұлының ұсынысын қуана қолдадық. Өзіміз де қаланың көркеюіне үлес қосқымыз келді.

Фонтанның жоғарғы бөлігіне электронды басқарылатын арнайы форсункалар орнатылған. Олар суды белгілі бір уақыт аралығымен жіберіп, су ағындары арқылы түрлі өрнектерді, әріптерді, жазулар мен логотиптерді бейнелеуге мүмкіндік береді. Жарықдиодты жарықтандыру бұл көріністі одан әрі әсерлі етеді.

Фонтаны
Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Фонтанның бағдарламасын әлі де жетілдіреміз. Бүгін оны сынақ режимінде іске қостық. Батыс өңірдегі, жалпы еліміздің басқа қалаларында дәл осындай, су ағындары арқылы өрнектер мен жазулар қалыптастыратын цифрлық фонтанды кездестірмедік. Нәтижесі жаман емес деп ойлаймын. Ең бастысы, тұрғындарға ұнаса екен", - деді "Oil West" ЖШС-нің жауапты өкілі Нұрболат Матаев.

Ақтөбеде жазулар мен өрнектерді бейнелейтін ерекше цифрлық фонтан сынақтан өткізілді

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram