jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Эльмира Асқарқызы
Аға журналист

"50 мың теңге қосымша төлем талап етті": депутат FlyArystan-ның тариф саясатын сынға алды

FlyArystan
FlyArystan ұшағы. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Құрылтай депутаты Алмас Мұхаметов FlyArystan лоукостеріне билет бағасына қатысты 80-ге жуық сұрағы бар екенін мәлімдеді. Әуе компаниясы желідегі сынға жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Құрылтай депутаты Алмас Мұхаметов Threads желісінде FlyArystan әуе компаниясын сынға алды.

Мұхаметов жазбасында әуе компаниясын "тым қымбатқа түсетін" лоукостер деп атады. Ол депутат ретінде ел тұрғындарын толғандыратын мәселелерге тезірек жауап алуға тиіс екенін алға тартты.

Оның айтуынша, ол 29 қыркүйекте билет құны, айыппұлдар, қайтару, айырбастау және жолаушылар құқығына қатысты 80-ге жуық сұрау жолдаған. Депутат жауаптың бір айдан кейін, яғни 30 қазанда берілетінін айтады.

"Ал әзірге бассыздық жалғасуда. Алматыға лоукостер деп аталатын компаниядан 40 мың теңгеге жуық бағаға билет сатып алдым. Бүгін ұшу уақытын сәл кейінге шегеру қажеттілігі туындады. Қарапайым жағдай сияқты көрінеді.

Алайда ұшу уақытын өзгерту үшін 50 мың теңгеге жуық қосымша төлем талап етілді! Яғни билет 40 мың тұрады, ал оны өзгерту тағы 50 мың теңге. Қайдағы лоукостер? Қолжетімді рейстер қайда? Және мұндай шарттар жолаушыларға қаншалықты әділ?

Лоукостер тек жарнамада ғана емес, шынайы өмірде де қолжетімді болуы керек. Бұл мәселе бойынша жұмысты жалғастырамын", - деп жазды депутат.

FlyArystan жауабы

Әуе компаниясы жазбаға жауап беріп, лоукостер моделі бойынша жұмыс істейтінін, бұл жолаушыларға қосымша қызметтерді өз бетінше таңдау мүмкіндігін беретінін мәлімдеді.

"Көп жағдайда лоукостер билеттерінің құны төмен, әсіресе ерте брондайтын кезде. Алайда жекелеген рейстерде сұранысқа, рейстің жүктемесіне және ұшу уақытына байланысты баға жоғары болуы мүмкін. Билетті қайта брондау және қайтару шарттары таңдалған тарифке байланысты.

Ұшу күні немесе уақыты өзгерген кезде тиісті алым, сондай-ақ бастапқы және жаңа тариф арасындағы айырмашылық төленуі мүмкін. Тарифтің барлық шарты, соның ішінде қайта брондау және қайтару ережелері билетті рәсімдеу кезінде, брондауды растау құжатында және FlyArystan ресми сайтында жолаушыларға қолжетімді", - деп жауап берді компания өкілдері.

"50 мың теңге қосымша төлем талап етті": депутат FlyArystan-ның тариф саясатын сынға алды

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram